АИ-95 МАРКАЛЫ БЕНЗИН РЕСЕЙДЕН ИМПОРТТАЛАДЫ

Елімізде мұнай өңдеу зауыттарының бірінен кейін бірінен өндіріске қатысты шикілік шығып жатыр. Мәселен, Павлодар мұнай зауытында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атырау мұнай өңдеу зауытында ақау болған. Ал Шымкенттегі зауыт өндіріс көлемін азайтты. Ендеше жанар-жағармай тапшылығы болмай ма?

Өткен аптада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында елдегі жанармай қорының нақты көлемін атады. Өз сөзінде «Бүгінгі сағат 9.00-дегі жағдай бойынша бізде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 23 күнге жетеді. АИ-95 маркалы бензиннің қоры –15 күнге, дизельдің қоры 29 күнге жетеді» деді ведомство басшысы. Министр жанармай тапшылығы туындаған жағдайда оның бағасын қолдан қымбаттату, алып-сату әрекеттері жиілейтінін еске салып, бұл бағытта тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар АИ-95 маркалы бензиннен басқа қандай да бір жанармай бағасының күрт өсуін болдырмайтынын алға тартты. Ал жоғарыда аталған жанармай түрі Ресейден импортталмақ. Өйткені еліміздегі оның қоры небәрі 15 күнге ғана жетеді. Сондықтан ішкі нарықтағы сұранысты импортпен өтеуге тура келіп тұр. Бұл бойынша келіссөздер де басталып кеткен. Қажеттілік – 40 мың тонна. Бүгінде «Газпром нефть» оны жеткізуді бастап та кеткен. Қош делік, бір емес үш бірдей зауыттың жұмысында шикіліктің болуы көкейде күдік тудырады. Жиі жөндеуге жабылатын зауыттардағы өзекті мәселенің не екені де ашық айтыла бермейтіні тағы бар. Оның кесірінен импортқа иек арту тыйылмай келеді. Уәдені үйіп-төгетін үкімет те үнсіздікке көшкен сыңайлы…

Ж.БАЛАУСА.