САРЫАҒАШТА АСТЫҚ ОРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында астық ору науқаны басталды. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар жиналған алтын астықты қамбаға құйып жатыр.
Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніне арнайы барып, астық ору науқанымен танысты. Аудан басшысы дәнді-дақыл егумен айналысатын «Дарбаза» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұрғанын атап өтті. Айта кету керек, «Дарбаза» ЖШС-і ағымдағы жылы 2000 гектар жерге бидай егіп, гектарына 20-25 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Жалпы ауданның 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес, аудан бойынша ағымдағы жылы 71 500 га жерге егін егу межеленген.
Бүгінгі күнге 71 501 га жер толығымен игерілді. Жалпы егіс көлемінің 42803 жеріне астық дақылдары себілген. Қазіргі таңда 1876 тонна өнім жиналды. Оның ішінде 896 тонна бидай және 980 тонна арпа бар. Өнімділік гектарына 20-25 центнерден алынуда. Ал 2022 жылы жалпы 42637 гектарға астық дақылдары егіліп жалпы 63186 тонна өнім жинап алынған болатын. Өнімділік гектарына 15-17 центнерді құраған еді.