КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысына 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 11 млрд теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұл жөнінде газетіміздің бұған дейінгі сандарында тарқата жазған едік.

Соған сәйкес, 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтен қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады. Жобаны тиімді іске асыру аясында облыс әкімінің орныбасары Е.Кенжеханұлының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында пилоттық жобаға қатысатын ауылдық округтерде тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша жұмысшы топ құрылып, Сайрам ауданы Қайнарбұлақ, Көлкент ауылдық округтерінде және Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов пен Шақпақ ауылдық округінде жиналыс өткізілді.
Жиын барысында несиелеу шарттарын, кооперация құру механизмі, пилоттық ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру тиімділіктері түсіндірілді. Мәжілісті Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасының орынбасары жүргізіп отырды. Несиелерді қаржыландыру бойынша 6 бағыт іріктелді. Олар — өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуы. Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқарып жатыр.
Айта кетейік, сәуір айының 18-нен бастап несие қаражатын беруге құжаттар қабылдау басталды. Бүгінгі күнге 5,5 млрд теңгені құрайтын 843 өтінім қабылданды. Несие комитетімен 2,1 млрд теңгені құрайтын 437 өтінім мақұлданды. Қазіргі таңда 164,5 млн теңге көлемінде 31 жоба қаржыландырылды.