ЕЛІМІЗДЕ 1,6 МЛН ЖЕКЕ КӘСІПКЕР БАР
саладағы өзекті мәселе қандай?
Жыл сайын елімізде кәсіпкерлік саланың дамуына жағдай жасалып келеді. Бүгінде кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар тағы бар. Жалпы әлем экономикасындағы шағын және орта бизнестің алатын рөлі ауқымды. Өйткені дәл осы сала азаматтарды жұмыспен қамтуда айрықша мәнге ие. Ендеше елімізде қанша кәсіпкер бар? Олардың табысы қандай? Тарқатайық…
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәліновтің сөзіне сенсек, елімізде жеке кәсіпкерлер саны артумен қатар, олардың табысы да ұлғайып келеді. Комитет басшысының айтуынша, биыл шағын бизнес субъектілерін яғни жеке кәсіпкерлерді кірістер салығынан босату мерзімі аяқталды. Елімізде соңғы 3 жыл ішінде жеке кәсіпкерлердің саны 1,1 миллионнан 1,6 миллионға дейін артты. Өткен жылғы есеп бойынша әр жеке кәсіпкердің орташа табысы 9,2 миллион теңгені құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 5,1 миллион теңге болған.
Дегенмен салада мәселелер де жоқ емес. Оның бірі турасында комитет басшысы былай деді «Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларды көрсетпеуі үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл дегеніміз жалдамалы жұмысшылардың зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді ала алмай, медициналық қызметке жүгінгенде шектеулерге әкеп соғады. Бүгінде 1,2 миллион жеке кәсіпкерде жалдамалы жұмысшы жоқ, ал 89,3 мың кәсіпкерде 1 ғана жалдамалы жұмысшы бар. Жалпы еліміздегі кәсіпкерлердің тек 9,5 пайызында ғана 5-тен астам қызметкері бар. Кәсіпкерлерді ынталандырып, көлеңкедегі жұмысшыларын жасырмау мақсатында биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорынан 20 пайыз мөлшерінде бірыңғай төлем жасау енгізілді». Қош делік, жаңа бастама табысын жасырып, жалдамалы жұмысшылардың құқығын шектеу фактілерін азайтады деген ойдамыз. Әйтпегенде саланың дамуынан мемлекеттің де, әлеуметтің де ұтары аз болмақ…
С.НҰРАЙ.