ДАУЛЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласында тіркелген ұжымдық еңбек дауларының шешімі табылуда. Атап өтер болсақ, «Нефтереммаш» ЖШС ұжымынан түскен өтінішке тексеру жүргізілді. Онда жалақының уақытылы төленбеуі туралы айтылған болатын. Құзырлы органдар және Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қатысуымен түсіндіру шаралары өтті.

Нәтижесінде 20,7 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы сәуір айында төленіп, мәселе толығымен шешілді. Соңғы деректерге сүйенсек, қаланың 1009 кәсіпорнында еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарына аттестаттау жүргізілді. 144 кәсіпорында еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Кәсіпорындарда 1452 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Қалада 3 848 кәсіпорын қызмет атқарса, оның ішінде 1 726 кәсіпорында түзілген ұжымдық шарттар 44,8 пайызды құрайды.
Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы берген мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың өткен үш айында қала аумағында 7 оқыс оқиға орын алып, салдарынан 5 адам зардап шегіп, 2 адам қаза болған. Тергеу материалдары іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.