ОРТА АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЗАУЫТ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында инвестиция тарту ісіне айрықша мән беру керегін тапсырған болатын. Елімізге қаржы құйып, салалардың дамуына тың серпін беретін кәсіпкерлерге қолдау жалғасын тауып жатыр. Мәселен, Шымкентте қолға алынған шаралардың арқасында көптеген жаңа өндіріс орындарының жұмысы жанданды. Қазіргі таңда еліміздің үшінші мегаполисінің экономикасына ауқымды инвестициялар тартумен қатар, жоғары стандарттарға сай келетін өндірістерді дамыту көзделіп отыр.
Қала аумағында жұмыс істеп жатқан «QAZALPACK» зауыты – Орталық Азияда бірінші болып алюминий банка шығаратын бірегей жобаны жүзеге асырушы компания. Ол Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағы аумағында орналасқан. Зауыт нарықта көп сұранысқа ие, қақпағы бар алюминий банка шығарады. Қазіргі уақытта инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылып, қалыпты жұмыс істеуде. Зауыттың максималды өндірістік қуаттылығы – жылына 500 миллион құты. Кәсіпорын АҚШ-та жасалған жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Жобаның құны 23,4 млрд теңгені құрайды.
Жоба аясында шырындарды, газдалған және газдалмаған алкогольсіз сусындарды бөтелкеге құю үшін әртүрлі көлемдегі қақпағы оңай ашылатын терең тартылған алюминий банкалар саудаға шығады. Жоба қазақстандық алюминий контейнерлер нарығының 80%-на дейін қамтитын өндірісті дамытуды көздейді. Маңызды фактор – экологиялық аспект. Алюминий құты әлемдегі ең тұрақты және қайта өңделетін қаптама саналады. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңделеді және оларды тұрмыста қайта пайдалануға болады. «KazAlPack» ЖШС жобасы «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан бірегей жобаның ауданы 20 000 шаршы метрді құрайды. Компания өз өнімдерімен Қазақстан нарығының үштен бір бөлігін қамтып қана қоймай, республикадан тыс жерлерге де экспорттай алады. Осы тұста Қазақстанның үшінші мегаполисі инвесторларды тарту және жаңа өндірістерді ашу бойынша көшбасшылардың бірі екенін айта кеткен жөн.