САЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Соңғы жылдары Қазақстанға қаржы құюды қалайтын инвесторлардың қатары қалыңдап келеді. Мұның өзі аталған салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстардың нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Жасыратыны жоқ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әрбір Жолдауында Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге инвестиция тарту қажетін тілге тиек етуде. Мәселен, соңғы Жолдауда инвесторларға инудстриалды аймақтардан жер беру арқылы жұмыстарын жандандыруға ықпал ету керегін айтты.

Инвестиция тарту жөнінен Шымкент қаласы еліміздегі үздіктердің қатарында екені белгілі. Жыл сайын үшінші мегаполисте ондаған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жүздеген жұмыс орындары құрылуда. Осы орайда, жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиында ауыл шарушылығы, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс салаларын дамытуға бағытталған 8 жоба талқыланды.
Инвесторлар синтетикалық тоқыма және мата өнімдері мен пластикалық ыдыстар шығару, сүт, талқан өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға қатысты жобаларын ұсынды. Сонымен қатар бизнес өкілдері жер телімін бөлу, жол, инфрақұрылым қажеттіліктері бойынша ұсыныстарын білдірді. Кәсіпкерлердің талап-тілектерін назарға алған Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларды жан-жақты қолдауға дайын екенін және туындаған өзекті мәселелер бойынша шұғыл шаралар қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына қаладағы индустриалды аймақтарды кеңейту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалауды тапсырды. Жалпы 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 84,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,6% құрады. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды. Мұның өзі саладағы тиімді жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.