КӨРКЕМСУРЕТ КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Өткен аптада Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдиновтің туғанына – 101 жыл толуына орай, «Отан үшін от кешкен» тақырыбында көркемсурет көрмесі ұйымдастырылды.
Бастаманың мақсаты – жастарды отан қорғауға, Ұлы отан соғысының батырларының ерлік істеріне тағзым етуге, батыл да ержүрек болуға баулау. Сондай-ақ елін, жерін жаудан қорғай білуге, елінің патриоты болуға тәрбиелеу. Кездесуге Қорғаныс қарулы күштер және Семей ядролық сынақ полигоны ардагері Маханбетов Әбдімәлік, Әл-Фараби кітапханасында көрмелік-бұқаралық іс-шаралар секторының қызметкері Ешімов Тұрсынбай Қайратұлы, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Алтынбай Аймахан Есжанұлы, С.Рахымов атындағы Шымкент Республикалық «Жас ұлан» мектебінің сарбаздары, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің суретшілері және аудан жастары қатысты.
Шара барысында Маханбетов Әбдімәлік Ұлы Отан соғысы майдангерлерін еске алып, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдиновтің өмірі жайлы өз білгендерімен бөлісті. Бұдан бөлек, шарада даңқты майдангерлердің суреттерінен көрме қойылды. Ал «Жас Ұлан» тобының сарбаздары әскери өнерлерін көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді.