ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысы семинар-практикум форматында өтті. Отырыстың басты мақсаты – қала кәсіпорындарын еңбекті қорғаудың тиімді тәжірибелерімен таныстыру және саладағы озаттарды марапаттау.

Аталған жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, комиссияның тұрақты мүшелері мен жұмыс беруші бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Комиссия отырысының қарауына «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай ұйымдастырылған конкурс жеңімпаздарын марапаттау, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссия мүшелерінің құрамына өзгерістер енгізу және 2023 жылы еңбек күнін мерекелеу мен «Еңбек жолы» конкурсын Шымкент қаласында ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауда озық тәжірибелерді таныстыру мәселелері ұсынылды. Комиссия отырысын ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы отырысқа қатысушыларды «Дүниежүзілік еңбек қорғау күнімен» құттықтап, өңірде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ұйымдастыру, жазатайым жағдайларды алдын алу сияқты мәселелер бұрынғыдан да өзекті екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, жиында «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай ұйымдастырылғандықтан, өңірлік деңгейдегі конкурс жеңімпаздары марапатталды. 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған арнайы конкурсқа қала аумағындағы 51 кәсіпорын қатысып, комиссия қорытындысы бойынша жеңімпаздар іріктелген. Конкурс нәтижесінде 3 аталым бойынша 9 адам марапатталып, 1 кәсіпорынға сенім сертификаты табысталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов 2023 жылы жүзеге асатын іс-шаралар жоспарын бекіту жайлы баяндап өтті. Ал «BI Group» құрылыс холдингінің Шымкент-Түркістан өңірлері бойынша Техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы Қасым Алдабергенов құрылыс саласында орын алатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы, жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарының қамтамасыз етілмеуі немесе қолданылмауы, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігін оқытудағы кемшіліктер, еңбек және өндірістік тәртіптің бұзылуы және алдын алу шаралары туралы айтып өтті. Сонымен қатар «Petro Kazakhstan Oil Product» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Еңбекті қорғау бойынша техникалық басшысы Ерлан Базарқұлов компания тарапынан жұмыскерлердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар мен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ұйымдастыру қызметі туралы баяндап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалғаннан кейін қорытынды сөз «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевке берілді. Ол еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, азаматтардың денсаулығы мәселелері ҚР Кәсіподақтар Федерациясының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталып, өндірістік жарақаттануға жол бермеуді насихаттау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жүйелерін ілгерілету және арттыру мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы биыл 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын айтты. Сонымен қатар кәсіподақ тарапынан осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Нақтырағы «Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызметкерлердің жарақаттануы аса өткір мәселеге айналып отыр. Бұл мекеме басшылары мен қызметкерлердің аталған түйткілге жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында көптеген шаралар өткізудеміз. Біз үшін ең маңыздысы – адам өмірі. Еңбеккердің денсаулығы мен өмірін сақтау жолында күш-жігерімізді біріктірдік. Бұл орайда, өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселесіне жіті назар аударылуда. Әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау аса маңызды. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын түрлі апаттарды, жарақаттануды төмендетуге мүдделі екенін ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі өткізіліп отырған жиынымыздың мақсаты да — осы» — деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.
Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысында қарастырылған бағыттар бойынша хаттама әзірленіп, ұсыныс пікірлер қабылданып, тараптарға жолданды.