ҚОҚЫСТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТА АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ

түйткіл көп, түйіні қайсы?

Бүгінде көптеген мемлекеттер экология мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Өйткені оның артында ауқымды түйіткілдердің жататыны белгілі. Сондықтан дамыған елдерде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу саласы айрықша қарқынмен дамып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, ауыз толтырып айтап жетістігіміз жоқ. Өйткені елімізде тұрмыстық қатты қалдықтардың төрттен бірі ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Бұл жөнінде Еnergyprom.kz зерттеуінде жазылған.

Йель университетінің Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, еліміз қоқысты өңдеу саласында ауқымды жетістікке жете алған жоқ. Былтырғы экологиялық тиімділік индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орынға тұрақтаған. Әрине, бұл — қоқысты өңдеп, одан қалғанын отын ретінде пайдаланып отырған батыс елдерімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Енді ішінара тарқатсақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды және коммерциялық қалдықтарды жинау бойынша еліміздің еншілеген межесі – 88 орын. Ал қалдықтарды өңдеу бойынша көштің соңынан бір-ақ көріндік. Яғни 175-орында тұрмыз. 2022 жылы елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен өңдеу үлесі бір жыл ішінде небәрі екі пайыздық тармаққа өсіп, 25,4%-ды құраған. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, былтыр 4,3 млн тонна қоқыстың тек 1,1 млн тоннасы сұрыптау белдеуінен немесе қоқыс өңдеу зауытынан өткен. Дәл осындай динамика өнеркәсіптік қайта өңдеуде де байқалды. Былтыр өндірістік қалдықтардың тек 40%-ы ғана қайта өңделген немесе кәдеге жаратылған.
Жалпы елімізде бұл бағытты дамытуға басымдық беріліп отырғанын айта кету керек. Мәселен, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының деректерінше, жауапты министрлік мамандары алдағы екі жарым жылда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу саласындағы экологиялық бағдарламаларды іске асырудан шамамен 3-4 пайыздық динамика күтеді. Егер осы жылдың соңына дейін белгіленген барлық жоспарлар орындалса, 2024 жылға қарай қалдықтарды сұрыптау және өңдеу деңгейі 27 пайыз, ал өндірістік қалдықтар — 42 пайыз, 2025 жылғы желтоқсанда сәйкесінше 34 және 46 пайыз болуы тиіс. Қош делік, өткен жылдың деректеріне сүйенсек, сұрыптау және қайта өңдеу туралы ақпаратта өңірлер мен мегаполистер арасында айырмашылық бар екенін көрсетеді. Былтыр сұрыптау мен өңдеу үлесі 75,2 пайызды құраған Астана көшбасшылар қатарында. Елорда мұндай нәтижеге экополигон тандемі мен еліміздегі ең ірі қалдықтарды өңдеу зауыты «Астана қайта өңдеу зауыты» ЖШС-ның арқасында қол жеткізді. Объективті себептермен кәсіпорында қоқыстарды сұрыптау әлі де қолмен жүргізілсе де, кәсіпорын тұрмыстық қалдықтардың үлкен үйіндісінен қайта өңделетін бағалы материалдарды алып, қайта өңдеуге жібереді.
Қарағанды облысының көрсеткіштері де жаман емес. Мұнда қалдықтардың 54,6 пайызы сұрыптау белдеуіне жетеді. Өңдеу көрсеткіші орташа өңірлердің қатарына 27,5 пайызбен Атырау, 32,1 пайызбен Маңғыстау және 27,3 пайызбен Павлодар облыстары, сондай-ақ 30,3 пайызбен Шымкент қаласы кіреді. Дегенмен өзге өңірлердің дені қоқысты кәдеге жарата алмай келеді. Нақтырағы, былтыр 14 өңір қоқысты қайта өңдеу көрсеткіші бойынша 25,4 пайызға жете алмаған. Ең аз көрсеткіш жуырда ғана бөлініп шыққан Ұлытау мен Абай облыстарында тіркелген.
Бұдан бөлек, еліміздің барлық қалалары мен облыстарында материалдардың түрлерін айтпағанда, ең болмағанда, «дымқыл» және «құрғақ» фракцияларға арналған қалдықтарды бөлек жинайтын контейнерлер жоқ. Нақтырақ айтсақ, еліміздегі 207 қала мен ауданның 64,3 пайызында ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Ал барлық елді мекендердің жартысында ғана сұрыптау желілері бар. Бұл олқылық жергілікті атқарушы биліктің жұмысына тікелей байланысты. Өйткені қалдықтарды жинаумен тікелей жергілікті әкімдіктер айналысады. ҚР Экологиялық кодексінің 351-бабында бұл тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал енді оны тиімді ұйымдастырып отырғандары да, елемегендері де кездесіп отыр. Атап айтқанда, қалдықтарды бөлек жинау Шығыс Қазақстан облысында 11 ауданның 2-інде ғана ұйымдастырылса, Түркістан облысындағы барлық ауданында қарастырылған.
Ұйымдастыру жұмыстарын әкімдік жүргізгенімен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сұрыптау және өңдеумен жеке компаниялар айналысады. Нақтырағы, қоқысты жинайтын және шығаратын кәсіпорындардың жалпы санының 4,5 пайызы ғана мемлекетке тиесілі. Ал қалдықтарды полигондарға апарып көму қызметімен айналысатын мемлекеттік компаниялардың үлесі 9 пайыз шамасында. Сұрыптау саласындағы мемлекеттік үлесі 10 пайыздың төңірегінде. Яғни сала тікелей жекеменшіктегі компаниялардың қызметіне тәуелді. Ал бұл бағыттағы бәсеке көңіл көншітпейді. Өйткені қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына қызығатын кәсіпкерлер аз. Мұның бір ұшы әкімшілік кедергілерге келіп тірелсе, енді бір ұшы қомақты қаржыны талап етуіне тікелей байланысты. Яғни қажет техниканы сатып алуға қыруар қаражат керек. Оны тапқанның өзінде құйған қаржыны жуық арада қайтару мүмкіндігі тағы жоқ.
Қорыта айтқанда, қоқысты кәдеге жарата алмай келеміз. Жерінде бірде-бір пайдалы қазбасы жоқ мемлекеттер тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, жоқтан бар жасап отыр. Ал бізде бұған қызығатын инвесторлар аз. Жұмысын жүйелеуге әкімдіктер де құлықты емес тәрізді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.