КӘСІПТІК ОҚЫТУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгінде елімізде жұмыссыздықпен күресу мақсатында көптеген игі бастамалар көтеріліп жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтуде. Бұдан бөлек, кәсіптік оқытудың шарапатын көріп, табыс тауып жатқан тұрғындар қаншама. Сонымен қатар қазіргі уақытта жастар да жұмыссыздықпен күрес ісіне өз үлестерін қосуда. Тарқатайық…
Өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы Еңбекші аудандық «Жастар ресурстық орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесімен бірге «Тоғыс» шалғай елді мекенінде «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобанысың» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, анықтамалық нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қатар оқуға ниет білдірген азаматтарға қажетті құжаттардың тізімі, оқу барысындағы өзгерістер туралы түсіндірілді.
Айта кетейік, биылғы жылы «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту» негізінде 1671 азаматтың және «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқыту» бойынша 760 азаматтың біліктілігін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ Skills Enbek онлайн режиміндегі кәсіби оқыту платформасы арқылы онлайн курстан өтуге мүмкіндіктер қарастырылған және нәтижелері бойынша сертификат ала алады. Кәсіптік оқытуға қатысу үшін мына құжаттар қажет – жеке басты куәландыратын құжатты, еңбек кітапшасы (бар болған жағдайда), бар болса білімі туралы құжатты (аттестат, куәлік, диплом), оқытудан өткенін растайтын құжатты (куәлік, сертификат), денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтаманың көшірмесін, екінші деңгейдегі банкте ашылған шот. Толық ақпаратты Шымкент қаласы, Бәйтереков көшесі 89, Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Кәсіптік оқыту бөлімінен алуға болады. Байланыс нөмірі — +77750533941.
Биылғы жылдың мамыр айында жоғарыда аталған кәсіптік оқытуға азаматтарды жолдау жоспарланып отыр. Оқыту курстары тігінші, кондитер, пішуші, слесарь, аспазшы, бухгалтер кассир, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері, шаштараз шебері сынды мамандықтар бойынша оқытылады. Қатысушыларға ай сайын 20 984 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Мүгедектік болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) кәсіби бөлім бөлінісінде жұмысқа қабілетті немесе оқуға қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі (1 ай-теория, 2 ай-практика). Оқу аяқталған соң арнайы куәлік беріледі.
Өткен жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқыту 3 бағыт бойынша жүргізілген болатын. Бірінші – жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарға кәсіптік білім беру. Аталған бағыт аясында былтыр 74 жұмыс берушіден, 29 мамандық бойынша өтінімдер қабылданып, 1632 адам дизайнер, автоэлектрик, кондитер, тігінші, визажист, аспаз және өзге де мамандықтар бойынша кәсіптік дағдыларды игеріп жолдама алса, оның 1553-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан. Екінші — жұмыссыз топты жұмыс берушілердің жұмыс базасында кәсіптік оқыту. Өткен жылы бұл бағыт бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 32 мамандық бойынша жүргізілді. Оқудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 3 (үш) ай мерзімге жалғасып, 760 азамат жолдама алды. Жалпы 774 азамат білім алып, тиісті куәлікке ие болды. Үшінші – skills.enbek.kz онлайн кәсіби оқыту платформасы арқылы кәсіби білім беру. Осы бағыт аясында 1976 азамат оқуын аяқтады. Айта кетейік, мұнда талапкерлер 70 пайыз шекті деңгеймен тестілеу тапсырады, онлайн курсты сәтті аяқтап, дағдыларды игеру туралы сертификат алады.