ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Бүгінде жұмыссыздық мәселесі ауқымды түйткілге айналып отыр. Жыл өткен сайын әлемде миллиондаған жұмыс орындары қысқаруда. Өз кезегінде, аталған мәселе әлеуметтің әлеуетіне айрықша әсер етіп жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынған бастамалар көп. Мәселен, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген, мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үлкен көмектер көрсетіліп, жұмыс орындарының ашылуына сеп болуда. Бұдан бөлек, тиісті сала басқармасы тарапынан да халықты жұмыспен қамту бойынша игі бастамалар көтерілуде. Мәселе, жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Тұран ауданы жұмыспен қамту бөлімшесінде «Ашық есік» күні өтті.
Аталмыш шараның мақсаты – кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қала тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру, 2023-2027 жылдарға арналған «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау үшін әзірленген Жол картасы аясында жастарға жеке ісін ашу үшін жағдайлар жасау, маңызды шара аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жастарды шағын несиелеу бағдарламасына қатысу яғни жастарға арналған жеңілдетілген 2,5%-бен несие беру бойынша түсіндіру және несиелеу шарттарымен таныстыру және халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік грант беруді ақпараттандыру.
Іс-шараға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Нарбекова Балмаржан Полатқызы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Айтбаев Ерлан Садырбайұлы, Шымкент қалалық «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі Имашев Қайрат Есенбекұлы қатысып, Тұран ауданы жұмыспен қамту бөлімшесінің жұмыс барысымен танысып, өз кәсібін ашуға ниетті жастармен сұхбаттасты.
Сонымен қатар ашық есік күнінде қаламыздың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлек студенттерін жұмыспен қамту мақсатында тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қатысу туралы кеңес берілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында бірнеше әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Олар – қайтарымсыз негіздегі грант беру, жастарға жеңілдікпен микрокредит беру, еңбек нарығының сұранысына сәйкес тегін кәсіби оқыту. Грант беруде аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері және көпбалалы отбасы мүшелеріне басымдықпен беріледі. Биыл 2023 жылға 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант беру және 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 261 жастарға 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып отыр.