АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫ КӘСІПОДАҚ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ

Еңбек саласындағы саясат уақыт талабына сай өзгеріп, жаңарып отырады. Өз кезегінде, әрбір азаматтың құқығының қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, елімізде ұжымның ұйытқысы болып, әрбір мүшесінің құқығын қорғауға барын салатын кәсіподақтар жұмыс істейтінін айрықша айта кеткен жөн. Бүгінде Шымкент қаласында аталған бірлестіктер бірқатар игі бастамаларды көтеріп, жүзеге асыруда. Тарқатайық…

Үшінші мегаполисте «Қауіпсіз еңбек жылы» аясындағы кездесулер жалғасып жатыр. Бұл жолы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек кәсіподақ мүшелеріне, яғни «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы құрамындағы Шымкент қалалық орталық емханасы ұжымында кездесу өткізді.
Жиында қатысушыларға кәсіподақтың рөлі мен мақсаты түсіндіріліп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын тұғырнаманың негізгі басымдықтары және еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер берілді. Басқосуда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Онда әрбір жиынға қатысушы қызметкерге көкейіндегі сұрағына жауап алу мүмкіндігі берілді. Сауалдарын жолдап, нақты жауап алған ақ халаттылар көп. Айта кетейік, бүгінде емхана қабырғасында 380 адам жұмыс істейді. Барлығы кәсіподақ мүшелігінде. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Саткеева Гулсім Бекмұратқызы бүгінде мекемедегі әрбір қызметкердің құқығының қорғалуы үшін жұмыс істеп келеді.