ЖАСТАР АРАСЫНДА ҒЫЛЫМИ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Өткен аптада М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 80 жылдығына арналған «Жаңа Қазақстанды құру – жастардың қолында» тақырыбындағы жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша ХХVІ республикалық студенттік ғылыми конференциясы өтті.

Шараның мақсаты — дарынды студенттерді іріктеу және қолдау, ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарын жандандыру, қазіргі тандағы ғылыми мәселелерді шешуге қызықтыру, шығармашылық қабілетін арттыру, жастардың еліне деген отан сүйгіштік сезімін ояту және зияткерлік қабілетінің қалыптасуына ықпал ету. Конференцияға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Шымкент қаласы Дарын орталығының директоры Раушан Джеренова, Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов, оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ербол Жаңбырбайұлы, PhD, «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, СМУ төрағасының орынбасары Гаухар Батырбекқызы мен оқу орнының ғылыми бағытында білім алушы студенттер қатысты.

Жиын жөніндегі пікірін Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Шыңғысұлы былай өрбітті «Жастар – бүгінгі қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру ісінде өскелең жас ұрпақтың орны айрықша. Еліміздегі ашықтық, әділдік, тең мүмкіндіктер жастардың кедергісіз дамуына үлкен жол ашады». Конференцияда 68 секция бойынша баяндамалар тындалып, ары қарай мектеп оқушыларының үздік ғылыми жобалар көрмесімен жалғасын тапты.