ҒАЛЫМДАР ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА ҮЛЕС ҚОСУДА

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Тарихқа көз жүгіртсек, түрлі саяси жағдайлармен елімізге келгендердің қатары көп. Олар бүгінде Қазақстанды Отаны санап, дамуына өз үлестерін қосуда. Өз кезегінде, елімізде бірлік пен ынтымақты насихаттайтын түрлі шаралар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Осының арқасында ауқымды ұлтаралық мәселе болған емес. Сондай игі мақсатты көздейтін шараның бірі жуырда үшінші мегаполисте өтті. Тарқатайық…

Жуырда Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың кезекті жұмыс отырысы өтті. Жиынға қатысқан сарапшылар Шымкент қаласының қоғамдық қатынастар саласындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір бөлісіп, қаладағы этникалық топтар арасында азаматтық бірегейлікті сақтау, этностардың өзара интеграциясына қол жеткізу мәселелерін талқылады.
Эксперт ғалымдар қала тұрғындарын қазақстандық қоғамға тән мәдени-тұрмыстық құндылықтар аясына топтастыру, этностық топтардың өзіндік мәдени-рухани құндылықтарын сақтай отырып, мемлекеттік саясат шеңберіндегі мақсаттар мен міндеттерге жұмылдыру бойынша өз ойларын ортаға салды.
Бейресми форматта, еркін пікір алмасу алаңы ретінде өткен басқосуда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Е.Байқонақов «Этносаралық фактор – қоғам тұрақтылығын бағалаудағы маңызды өлшем» деп атап өтті. Осы орайда, ассамблеяның ғылыми әлеуеті қоғам тұрақтылығына тікелей ықпалы бар сын-қатерлердің даму үрдісін бақылап, мемлекеттік ұйымдарға ықтимал тәуекелдерді бағалауда жәрдемші болуы керек екенін айтты. Жиын қорытындысымен қоғам тұрақтылығын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды тұжырымдар қабылданды.