ЕЛ БОЛАШАҒЫ — ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР
Шымкен қаласы Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Ел болашағы — жалынды жастар» тақырыбында А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейі жастары арасында кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, суицидтің, қыздар арасындағы ерте жүктілік пен кереғар діни ағымдардың алдын алу.
Кездесуге №77 мектеп-лицейінің директоры Толқын Аюбаева, Шымкент қаласы Дін істер басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ теолог-маман Серік Бекеулов, Психикалық денсаулық орталығының маманы, дәрігер-нарколог Майра Садыкова және Абай ауданы жастар ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету бөлімінің инспекторы Гүлбибі Камалбеккызы қатысты. Олар кәмелет жасына толмаған жастар арасында көптеп кездесетін мәселелерге тоқталып, оның зардап-зиянын туралы жеткізді.
Бүгінде заңды білу заман талабына айналып отыр. Әрбір жас азаматқа қоғамдағы қарым-қатынас заңдылықтарын терең ажырататын құқықтық сана мен мәдениет қажет. Ең алдымен бұл үшін отбасындағы бала тәрбиесін басты назарға алып, жіті қадағалау маңызды. Елдегі тәртіпті сақтау үшін жастардың Заң аясындағы білімін кеңейту қажет. Осы тұста мемлекет тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сондықтан қоғамның талабына сай жастарды жан-жақты тәрбиелеу үрдісіндегі мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқу-тәрбие жұмысының барлық құрылымында құқықтық білім беру мен тәрбиеге айрықша мән беріп, оны ұйымдастырудың тиімді жолдары мен тәсілдерін үнемі жетілдіру, жаңарған қоғамның саяси құқықтық сана сезімдерін қалыптастыру. Отбасы тәрбиесінде де әр ата-ана балаға құқықтық сауаттылықты үйретіп, тәртіпке бағыну керектігін қадағалағаны жөн. Міне, жиында осы бағыттағы құнды кеңестер мен ойлар айтылды.