ӨЗГЕНІҢ ЕҢБЕГІН ҚАНАҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ

Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлеріне еңбек қанауына байланысты қылмыстық істерді тергеу әдістемесіне оқыту, сондай-ақ оларды қадағалау мен сотта мемлекеттік айыптауды қолдау бойынша тренинг өткізілді.

Тренинг құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ өкілімен бірлесіп, «Сана-Сезім» ҚБ-нің қатысуымен ұйымдастырылды. Тренинг барысында адам саудасына қатысты істерді қадағалаудың ерекшеліктері мен мәселелерін, мемлекеттік айыптауды қолдаудың ерекшеліктерін талқылады, сотқа дейінгі тергеуді, сот тергеуін және адам саудасына қатысты істер бойынша жарыссөздерді бақылау бойынша практикалық жаттығуларды шешуде оқытылды. Іс-шара қорытындысы бойынша курстан өткендігі туралы сертификаттар табысталды. Айта кету керек, адам саудасына қатысты елімізде жылына шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі екен. Өткен жылы адам саудасы бойынша 30-ға жуық факті тіркеліп, 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Ал БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Оның әрбір үшіншісі – балалар. Ал халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, сексуалды және еңбек қанау көрсеткіші қылмыстық істерден бірнеше есе көп.

Дегенмен аталған қылмыс түрімен күрес елімізде қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Арнайы заң жобалары қабылданып, жауапкершілік артуда. Өз кезегінде, еліміздің әрбір өңірінде аталған заң бұзушылық фактілерімен күрес те уақыт өткен сайын күшеюде.