АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жуырда Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Б.Көмекбаева жүргізді.

Жиында кеңес мүшелері алдағы уақытқа атқарылатын жоспарларды талқылап, негізгі міндеттерді бекітті. Сонымен қатар жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанова 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде ақпарат берді.

Айта кету керек, аналар кеңесті құрудағы мақсат – жас буын мен олардың ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихын бойына сіңірген мәдениетті тұлға етіп тәрбиелеуге бағыттау. Осы мақсатта кеңес түрлі бағыттағы «Мәдени ана – мәдени ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыруда. Оның аясында солтүстік өңірдегі тұрғындар үшін мемлекеттік тілді оқытып, үйретуге мән беріліп отыр. Ал батыс пен оңтүстік аймақта мұндай мұқтаждық мүлдем жоқ. Ілкімді жобаны іске асыруда Ассамблеяның үлесі айрықша. Халықтар бірлігінің ұйытқысы болып отырған бұл  жоғары ұйым-мемлекеттік тілді дәріптеп, оның мәртебесін көтеруге және елдегі ұлттардың бірлігін бекемдеуге атсалысып келе жатқанын айрықша айта кету керек.

Бүгінде Аналар кеңесі барлық аймақтарда құрылған. Оның құрамына көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ психологиялық-медициналық мекемелердің өкілдері кірген. Ұлттық ұйым әйелдердің  құқықтық сауатын ашуға, жетім балалардың проблемасын шешуге, отбасының бірлігін нығайтуға көңіл бөледі.