ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ТАЛАБЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛДЫ
Бұдан біраз уақыт бұрын Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүргізушілері еңбекақының аздығын айтып шағымданған болатын. Оған шаһардағы 2023 жылдың 1 наурызынан бастап қалалық қоғамдық көліктерде кондукторларды қысқартып, электронды билетке толығымен көшуі негіз болған.
Аталған мәселеге байланысты «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы құрамындағы «ТТК» ЖШС, «Радуга» ЖШС, «T-BUS» ЖШС және автопарктердің қоғамдық көлік жүргізушілері өздеріне жалақы мөлшерін көбейтуді талап етті. Орын алған жағдай шұғыл түрде кәсіподақтың назарына алынып, бақылауында болды. Аталған мәселені алдын-алу мақсатында 2 сәуір күні «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұхтар Қоқанбаев, төлем жүйесінің мамандары мен автопарк басшылары 100-ге жуық жүргізушілермен кездесу өткізді. Кездесуде жүргізушілер өз талаптарын қойып, еңбек ақыны 320-360 мың теңгеге көтеруді сұрады.
Бүгінгі күнге дейін жүргізушілер 15 күндік жұмыс күніне 150-160 мың теңге көлемінде айлық алып келген. Ал компания басшылығы қызметкерлерінің талабын орындауға қауқарсыз болды. Себебі компанияның бүгінгі таңда банк алдында лизингтік несие қаражатын төлеу жауапкершілігі бар. Автопаркке түскен табыс және мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемімен шығыстарды есептей келе, бүгінде жүргізушілерге белгіленген 15 күндік айлық көлемі 275 мың теңге болып отыр. Төленетін салық және әлеуметтік салықтардан кейін қалатын, қолдарында таза алатын айлықтары – 225 мың теңге. Бұрынғы алатын айлықтарының үстіне 70 мың теңге көлемінде қосылып тұр. Алайда жүргізушілер ол еңбекақыны қанағат тұтпай, жалақыны 320-360 мың теңгеге көтеруін сұрады. Ол жөнінде жазбаша талап та қойылған еді. Кездесу барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселені оңтайлы шешу үшін алдағы уақытта шұғыл түрде Келісім комиссиясы құрылатыннын айтты. Жүргізушілерге заң бұзушылыққа жол бермеу керегі де айтылды. Сондай-ақ кәсіподақ еңбек адамының құқығын қорғап, мәселенің оң шешілуіне демеу болатынын жеткізді.
Аталған мәселеге байланысты, 4 сәуір күні кәсіподақ бастамасымен Келісім комиссиясы құрылды. Комиссия аясында мәселеге қатысты ақпараттар жиналып, жағдай пысықталды. 5 сәуірде Келісім комиссиясының бірінші отырысы болып өтіп, оған жұмыс беруші өкілдері мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Комиссия отырысы аясында Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен Жұмыс берушілер конфедерациясы бірлесе жеткен нәтижені негізге ала отырып, Шымкент қаласы мәслихатының 14.12.2022 жылғы №23/217-VII шешімі және Шымкент қаласы әкімдігінің 23.12.2022ж. №2580 қаулысы негізінде осы салаға қаралатын қаражат субсидия есебінен бөлінетін болып шешілді. Осылайша кәсіподақтың қолдауымен мәселе оңтайлы шешіліп, жүргізушілердің талабы қанағаттандырылып, жалақы мөлшері 375 мың теңгеге өсті. Сүйінші жаңалықты естіген жүргізушілер жалақының көтерілуіне оң ықпал еткен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеевке алғысын айтып, өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Келісу комиссиясының қорытындысына сәйкес, бүгінде екі тарап келісімге келіп, еңбек дауы тоқтатылды.