ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?
Елдің бірлігі бекем, тіршілігі тыныш болса, сол елге инвесторлар да қызығушылық танытады. Қыруар қаржыға халықаралық шараларды өткізіп, елге қаржы құюды мақсат еткен Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай? Қолайлы инвестициялық климат қалыптастыра алдық па? Тарқатайық…
Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 27 млрд долларға жетіп, 17,8%-ға өсім көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, инвестиция көлемінің жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларды құрауы тиіс. Қазіргі таңда елімізге инвестиция салатын елдер қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания секілді экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттер бар.
Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ірі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де едәуір кеңейтілді. Еліміздегі қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру шаралары, инвестиция көлемі артқан салалар, өңірлердегі инвестиция мәселесі, шетелдік инвесторлар тап болуы мүмкін қиындықтар, сонымен қоса саладағы проблемалар жан-жақты сараланып, тиісті шешімдер қабылданып келеді.
Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артуда. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Олардың басым бөлігі Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тиесілі. Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елімізде шетел капиталының қатысуымен 45 800-ден астам компания тіркелген. Олардың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға артып отыр. Содан да болар, елімізге тартылған инвестиция көлемі де өскен. Мысалы, 2022 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 22,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2022 жылы инвестицияның жалпы көлемі 27 миллиард долларға бағаланған. Қазіргі таңда жалпы құны 30 триллион теңге болатын 850 инвестициялық жобадан тұратын республикалық пулмен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Инвестициялардың жалпы көлемінде тау-кен секторы ең үлкен үлеске (30%) ие. 2022 жылы салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 4,5 трлн теңгені құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға көп. Ал өңдеу өнеркәсібінде жалпы инвестиция көлемі 2022 жылы 1,5 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға аз. Бұл салаға салынған инвестициялардың үлесі де төмендеген, жыл қорытындысы бойынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 10%-ын ғана құраған. Инвестициялардың жартысынан астамы металлургия өндірісіне (606 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 40%-ы) және химия өнімдерін өндіруге (230 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 15%-ы) тартылған. Жылжымайтын мүлік секторының инвестициялық көрсеткіштері 3,1 трлн теңгеге дейін (өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға), көлік және қойма шаруашылығы 1,6 трлн теңгеге дейін (5,4%-ға) және ауыл шаруашылығы 853,5 млрд теңгеге (6,7%-ға) дейін өскен. Жалпы экономиканың шикізаттық емес секторларына (мемлекеттік бюджеттен инвестицияларды қоспағанда) инвестиция көлемі 2021 жылы 7,4 трлн теңгені құрап, 4,8%-ға өскен.