БАЛАЛАРДЫҢ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМУЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР

Елімізде әрбір бүлдіршіннің жан-жақты дамуы үшін барынша жағдайлар жасалып келеді. Ол қатарда ерекше күтімді қажет ететін балалар да бар. Мәселен, үшінші мегаполисте аталған бағыттағы жұмыстарды тиісті сала басқармасы жүзеге асыруда. Бүгінгі материалымызда сол бастамалар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Шымкентте дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалалық білім басқармасы тарапынан бұл салада бірнеше бағытта іс-шаралар қолға алынған.
Атап айтқанда, «2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасының» жоспарына сәйкес, қыркүйек айында психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес және бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, №1 А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясында ресурстық кабинеті қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, қалада ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға тартып, олардың арасында дарынды жандарға қолдау көрсетуде түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында қалалық «Қазақстан – менің алтын бесігім», «Шексіз шығармашылық» байқауы ұйымдастырылды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» «Қоғамға қызмет» жобасы аясында «Өнерліге нұр жауар», «Juldyzai» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне талапты өрендер қатысып, жүлделі орындардан көрінді.