НАУРЫЗ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Бірлік пен ынтымақтың мерекесі әз Наурыз мейрамын Абай ауданының тұрғындары тойлады. Нақтырағы, Асар шағынауданының орталық алаңында аудан тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамын атап өтті. Жиынға аудан әкімі Бұхарбай Парманов арнайы қатысып, жиналған жұртты құттықтады.

Аудан басшысы бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екеніне тоқтала келе «Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз — қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілігі мен келісімінде. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін» деді.
Жиында №89 мектеп-лицейі мен дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназиясының оқушылары арнайы концерттік бағдарлама қойып, келген дүйім жұртты тәнті етті. Мерекеде Абай ауданының тұрғындары да бастама көтеріп, киіз үйлер тігіп, дастарқан жайып, мерекені бірлесіп атап өтуге үлес қосты. Келген жұртқа наурыз көже, бауырсақ пен палау таратты. Айта кету керек, бүгінде Абай ауданының аумағына 27 елді мекен кіреді. Шымкентте бесінші ауданның құрылуымен бірқатар аумақтық өзгерістер орын алып, Асар шағынауданы да Абай ауданына қосылған.