ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін маңызы айрықша. Дәл осы мейрам қарсаңында елімізде ұлттық құндылықтарымыз жан-жақты насихатталады. Елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын сан түрлі шаралар өтеді. Аталған мерекені жоғары деңгейде өткізуге еліміздегі жүзден аса ұлт пен ұлыс үлес қосып, айтулы датаның мәнін арттыра түседі. Мәселен, үшінші мегаполисте Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы әз Наурызды жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтуді әдетке айналдырған.

Сол игі бастама биыл да жалғасын тауып, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы құрылымдар, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Достық үйінің» алдына киіз үй тігіліп, салтанатты жиын ұйымдастырылды. «Армысың, әз Наурыз!» атты салтанатты шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 17 этномәдени бірлестіктің төрағалары мен өкілдері, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Кәсіпкерлер ұйымы сынды 7 қоғамдық құрылымның мүшелері атсалысты. Жиында сөз алған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы М.Шотанов «Наурыз мейрамы — өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын және күн мен түн теңеліп, айнала жаңаратын игі мереке. Наурыз — ынтымақ пен бірліктің, достықтың мерекесі. Еліміздің ынтымағын нығайтып, татулығын сақтауда еңбек етіп жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдерін Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен құттықтаймын» деді. Жиылған жұрт «Достық үйі» және «Бірлік үйі» атауымен тігілген қос киіз үйге бас сұғып, онда этномәдени бірлестік өкілдері жайған дастарханнан дәм алды. Сондай-ақ «Наурыз кәдесі» үлестіріліп, ұлттық ойындар ойнатылды.