2050 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ СОЛТҮСТІК ӨҢІРЛЕРДЕГІ ХАЛЫҚ САНЫ 600 МЫҢҒА АЗАЯДЫ
жаппай көшудің қаупі қандай?
Соңғы уақыттағы ең өзекті мәселенің бірі – қымбатшылық. Жауапты сала мамандары бұл құбылыстың түп тамырын отандық өнімге әкеліп тірейді. Тіпті, мемлекет басшысының өзі ауыл шаруашылығын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керегін де бір емес бірнеше рет тілге тиек етті. Ал аталған саланы дамыту үшін ауылдағы ағайынның өзекті мәселесін шешу керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде ауыл тұрғындары қалаға үдере көшуде. Мұны нақты статистика дәлелдеп отыр. Жалпы көші-қонның жиілеуі ауыл шаруашылығына ғана кері әсер етіп қоймайды. Өзге де ауқымды түйткілдерді тудыруы бек мүмкін. Тарқатайық…
Жуырда Finprom.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялады. Жағдай көңіл көншітпейді. Елімізде қала мен ауыл халқының арасындағы айырмашылық артып барады. 2022 жылдың соңында урбанизация деңгейі билік тек 2025 жылға қарай жетуді көздеген деңгейге жетті деуге болады. 2018-2022 жылдары қала халқының үлесі бірден 4 пайыздық тармаққа артып шыға келді. Яғни 57,6 пайыздан 61,5 пайызға көбейді. Ауыл тұрғындарының үлесі тиісінше азайып, 2023 жылдың 1 қаңтарына 38,5%-ды құрады. Тарқатар болсақ, 4 жылда қала халқы 1,5 млн адамға өсіп, жалпы 12 млн-ға жуықтап отыр. Ал ауыл халқы, керісінше, соңғы бес жылда 193 мыңға немесе 2,5 пайызға кеміп, 7,5 млн адамды құрады. Негізгі себеп – халықтың ауылдардан үдере көшуі. Ауыл тұрғындарының алды ірі елді мекендерге көшсе, кейбірі шетел асқан. Өңірлер ішіндегі негізгі бағыт – облыстың ірі қалалары. Өңірлік көші-қон статистикасы Қонаевтан басқа барлық облыс орталықтарында оң сальдо бар екенін көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, облыс орталықтарына көшіп келушілердің қатары қалың деуге болмайды. Мәселен, Қарағандыда 2022 жылы өңірлік көші-қон сальдосы 3,3 мыңды құраса, Түркістан қаласында небәрі 583 адам болып отыр. Ең айқын урбанизация Алматы мен Астанада ғана байқалады. Бұл мегаполистердегі оң көші-қон сальдосы көп жылдар бойы байқалып келеді. Былтыр елорда халқы өңірлерден көшіп келген 33,8 мың қазақстандықпен толықты. Алматыда ішкі мигранттар қала тұрғындарының жалпы санын 35,3 мың адамға арттырып отыр.
Өңіраралық көші-қонға келетін болсақ, тек мегаполистер мен Алматы облысында 2022 жылы келушілер мен кетушілер арасындағы айырмашылық оң көрсеткішке ие болды. Қалған аймақтардың барлығында теріс сальдо тіркелген. Бұл өңірлерге көшіп келушілерден гөрі кетушілер көп. Былтыр өңірлер арасындағы көшудің екі негізгі бағыты болды. Оңтүстік облыстардың тұрғындары жақын маңдағы ірі қалалар Алматы мен Шымкентке барса, солтүстік және орталық облыстардың тұрғындары Астанаға, кейбірі оңтүстік астанаға қоныс аударды. Ең көп көші-қон ағыны Түркістан облысында тіркелді. Аталған облыс тұрғындары Шымкентке, Алматыға және Алматы облысына жиі көшеді. Екінші орында Жамбыл облысы орналасқан. Олар негізінен Алматы агломерациясына қоныс аударды. Үшінші орында Жетісу облысы тұр. Жетісулықтар жаңа облысқа бөлінгеннен кейін сыртқы көші-қонды күшейтті. Бұл өңір тұрғындары негізінен Алматы мен Алматы облысына қоныс аударған.
Жалпы мұндай үрдістің астарында не жатыр? Неліктен еліміздегі көші-қон процесі жиілеп отыр? Астарына үңілейік. Жалпы адамдар өмір сүру жағдайларын жақсартатын және жоғары жалақы алатын жұмыс таба алатын жерге көшіп кетеді. Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан алғанда мұндай көші-қонға өңірлер де, мегаполистер де дайын емес. Еліміздегі урбанизацияның бақылаудан шығып кеткенін бұдан бір жыл бұрын жауапты министрлік те мойындаған болатын. Тіпті, 2022–2026 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасында айтылған. Нақтырағы «Республиканың даму перспективалары тұрғысынан ішкі көші-қонның қазіргі үрдістері қолайсыз. Халықтың басқа өңірлерден реттелмеген ағыны аясында ірі қалалар мен жекелеген өңірлер халқының өсуі демографиялық және еңбек теңгерімсіздігін арттырады. Нәтижесінде солтүстік өңірлерде экономикалық белсенділіктің төмендеуі байқалады, оңтүстік өңірлерде еңбек ресурстары артық, ал ірі қалалардың инфрақұрылымы халықтың реттелмейтін ағынына төтеп бере алмайды» делінген құжатта.
Дәл осы үрдіспен кете берсе, бірқатар ауқымды мәселелерге ұрындыруы мүмкін. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамына сенсек, қалыптасқан үрдістер сақталатын болса, 2050 жылға қарай Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі халық жалпы саны 600 мың адамға азаяды. Оңтүстікте тұратын халық саны 1,6 млн азаматқа артады. Нәтижесінде оңтүстік облыстардағы халық тығыздығы солтүстікке қарағанда төрт есеге көбейеді. Демографиялық жағдайдың базалық сценарийі бойынша 2050 жылға қарай Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысының халқы 2022 жылғы көрсеткішпен есептегенде екі есеге өседі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында азаматтардың саны 15%-16%-ға, Қостанайда 22%-ға, Солтүстік Қазақстанда 34%-ға азаяды.
Қош делік, қазіргі ахуалға қарасақ, ауылдағы ағайынның жағдайы жуық арада түзелмейтін тәрізді. Жақсы жалақы мен жайлы орта болса, ешкімнің елінен безіп, өзге жаққа үдере көше қоймасы анық. Бұл тұрғыдан келгенде, ұтылып жатқанымыз анық. Ауылдағы қолынан іс келетін ағайын қалаға кетіп жатса, ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деу артықтау сияқты. Мұны бір деңіз. Екіншіден, солтүстік өңірлердегі халықтың санын арттыра алмай отырғанымыз анық. Бүгінгідей қым-қуыт заманда солтүстік өңірдегі ағайынның санын арттырмасақ, жат пиғылды көздейтін көршілерімізге есеміздің кеткені кеткен. Тіпті, мұның бір ұшы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тірелетіні анық. Ал жауапты министрлік жоғарыдағы болжамды алға тартады. Бұл – ауқымды мәселе. Жуық арада шешімін таппасақ, түйткілді түйіндерге тап боларымыз айқын.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.