ЗИЯТКЕРЛІК КҮНІНДЕ АТА ДӘСТҮР ДӘРІПТЕЛДІ

Шымкент қаласында әз Наурыз мерекесі ауқымды деңгейде аталып өтті. Бір емес бірнеше күн қатарынан тойланып, мейрамның маңызы әлеуметке жан-жақты насихатталды. Игі бастамаларды ту еткен сан түрлі шара да өтті. Мәселен, әз Наурыз мейрамының Зияткерлік күні — жастарды білімге, салт – дәстүрді құрметтуге, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған шаралармен ерекшеленіп жатыр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Зияткерлік күнінде А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының алаңында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасына қатысты. Зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары мен қала тұрғындары өскелең ұрпақты даналық пен парасаттылыққа үгіттейтін жиында зияткерлік ойындары мен сан салалы бағытты қамтыған кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ қолөнер жәрмеңкесі мен ашық аспан аясындағы сурет көрмесінде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, салт-дәстүріміз дәріптелді. Ұлыстың ұлы күніне орай өткен іс-шарада ұлттық оркестр, ұлттық ән мен биден шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, салт-дәстүр көріністері қойылды. Наурыз мерекесіне арналған сауық-сайранда ән салған әжелер көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жалпы үшінші мегаполисте өткен мерекелік шараның маңызы айрықша. Қала аумағында ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық дәстүрлер ұлықталды. Көшпелілер ойыны көрсетілді. Өнер саласының майталмандары әз Наурыздың айрықша өтуіне үлес қосса, жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен жиынға келген жұртшылыққа наурыз көже таратылды. Сауық-сайранға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келгенін де айта кету керек. Аталған мерекені бір емес бірнеше күн тойлап, ұлттық құндылықтарды насихаттау ісі Шымкентте бірінші рет болып отырған жоқ. Алдағы уақытта да тарихы тереңнен бастау алатын әз Наурызды ауқымды деңгейде тойлау жалғаса бермек.