ЖАЛҒАН ЖАРНАМАЛАРҒА АЛДАНБАҢЫЗ!

Шымкент қаласының прокуратурасы кез келген оңай ақша табу жарнамаларына алданбауды, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін ескертеді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз жиынында айтылды. Нақтырағы, Шымкент қаласы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Жандос Досанов азаматтарға құқықтық тұрғыда сауатты болу керегін ескертті.

Қазіргі таңда қала прокуратурасы жергілікті қылмыстық қудалау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» жобасын іске асыруда. Алаяқтық қылмыстарымен күрес шараларының нәтижесінде ағымдағы жылы өткен мерзімінде қаламызда бұл қылмыстардың тіркелу көрсеткіші 43%-ға төмендеді, оның ішінде интернет-алаяқтығы 73%-ға азайды. Алаяқтық қылмысымен күрес тобының жедел әрекет етуінен, бұл қылмыстарды ашу көрсеткіші 65%-ға артса, оның ішінде интернет алаяқтығының ашылуы тіпті 600%-дан асты. Өзге істермен жедел іздестіру шаралары жан-жақты атқарылуда.
Бұдан бөлек, қала прокуратурасы тіркелген істерді зерделеу нәтижесінде кейбір адамдардың «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті жұмыспен қамту басқармасы қызметкерлерінің атын жамылып халықты алдап жүргендігі анықталды. Егер өткен жылы қайтарымсыз грант және атаулы әлеуметтік көмек алу мемлекеттік бағдарламасы мәселелерімен 273 адам алаяқтардың құрбаны болса, биыл мұндай фактілердің 30-ы тіркеліп отыр. Барлық істер ашылды, биылғы жылы 2 іс сотта қаралуда. Тіркелген істермен жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Интернет алаяқтығының көпшілігі Инстаграм, Колеса, ОЛХ, Крыша әлеуметтік парақшалары мен «Каспи», «Еуразия», «Халық» интернет банкингтерін қолдану арқылы жасалған. Мұндай жағдайда азаматтар кез келген оңай ақша табу жарнамаларына алданбауды, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу арқылы тексеруді және барлық жарнамаларға, әсіресе өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырғандарға күмәнмен қарауы керек.