ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ШЫМКЕНТТЕГІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ЕНГІЗЕДІ

Өзбекстанның мамандандырылған терапия және оңалту ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының мамандары Шымкенттегі оңалту орталықтарының жұмыстарымен танысып, екі жақты меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық өзара кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтып қана қоймай, медициналық туризмге жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді. Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді.
Жалпы Шымкентте «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ұлттық жобасы шеңберінде ана мен бала денсаулығын қорғау саласында, балалардың, мүгедек балалардың құқықтарын іске асыру бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Ауруларды уақтылы анықтау және балалар мүгедектігін төмендету мақсатында ерте жастағы балаларды проактивті скринингтермен (неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық, психофизикалық) қамту 86%-ға дейін өсті. Ал балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96%-ға дейін жақсартылды, заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері де ашылды. Қазіргі уақытта осы жабдықтың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде.