«ҰЛТЖАНДЫ ӘРІ ИМАНДЫ АЗАМАТ»
Мәслихаттың депутаты атану үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жергілікті жұрттың мәселесін тыңдап, шешуге атсалысатын да, жергілікті биліктің жұмысын қадағалап, бюджеттің дұрыс жұмсалуын бақылайтын да осы депутаттар. Сондықтан мәслихатта жауапкершілікті сезініп, ел үмітін ақтай алатын азаматтар отыруы керек.
Мен қалалық мәслихатқа үміткер ретінде тіркелген Мерлан Керимжановты сөзіне берік, жұртқа жанашыр, жауапкершілігі мол азамат ретінде танимын. Мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек етіп келе жатқан оның іскерлігін, жаңаша ойлай алатындығын талай рет байқадым. Өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарады. Жас та болса, еңбекқорлығымен ерекшеленіп келеді. Соған қоса, спортқа да жанашырлық танытып, жас спортшыларға демеу көрсетіп жүргенін білемін. Оның ат баптауға қызығушылығы, жылқыға деген оң көзқарасы бойына қазақылық дарыған қарапайым жан екенін көрсетеді. Бұрыннан имандылық жолын ұстанып, дініміздегі бес парыздың бірі — қажылыққа да барып қайтқанын білемін. Жүрегінде иманы бар жанның ешқашан ардан аттамайтыны түсінікті. Мерланның осындай адами қасиеттері бізді жақындастырып, байланысымызды достыққа ұластырды. Іні тұтып, ерекше құрметтейтін жанға айналды. Сондықтан ертеңгі сайлауда баршаңызды Мерлан Керимжановты қолдауға шақырамын. Өйткені мәслихатқа жаңа адамдар, жаңа леп керек. Жаңарған мәслихат, белсенді депутаттар қаламыздың өміріне жаңа серпін берері сөзсіз.
Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ,
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.