«ЖАҢАШЫЛ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Жақында өтетін Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауын күтіп отырмыз. Биылғы сайлау өте тартысты өтетін секілді. Өйткені үміткерлер додаға партия атынан және өзін-өзі ұсыну жолымен қатысуда. Шыны керек, тұрғындардың көпшілігі қазір депутаттарға сенбейді, оларды жіті танымайды. Өйткені сайлаудан кейін олардың көпшілігі халықтың арасына бара бермейді. Уәдесін ұмытып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдамайды.
Алдағы сайлауда елдің мүддесін ойлайтын жаңа тұлғалар депутат болса, онда көптеген оң өзгерістер болатыны сөзсіз. Сондай жаңашыл азаматың бірі Мерлан Керимжановтың Шымкент қалалық мәслихатына үміткер ретінде тіркелгенін естіп қуандым. Мерландай іскер жігітпен осыдан бірер жыл алдын Түркістанда танысқанмын. Ол «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры еді. Жергілікті шаруалардың өзекті мәселесінің бірі – су мәселесін айтып алдына бардым. Талап-тілегімізді мұқият тыңдап, солардың көпшілігін көп өтпей жүзеге асырды. Мәселемізді оң шешіп берді. Шарулардың алғысын алып, елге жақын, жұртқа жанашыр азамат екенін көрсетті. Содан бері Мерланды жақын тартып, ерекше құрметтеймін.
Қалалық мәслихатқа осындай уәдесіне берік, іскер, дөкейлердің ығына жығыла бермейтін азаматтар керек. Осындай жаңашыл азаматтар ғана Президентіміз айтқан Жаңа Қазақстанды құруға сүбелі үлес қоса алады. Сондықтан тұрғындарды Мерлан Керимжановты қолдауға шақырамын. Депутат болып сайланса, өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс істеп, ұсыныстарыңыз бен талап-тілектеріңізді жерде қалдырмайтынын сеніммен айта аламын.

Бауыржан ИБРАГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.