ХАЛЫҚТЫҢ ҮЗДІКСІЗ КӨШУІ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРМЕЙ МЕ?

Елімізде соңғы уақытта көші-қон процесі жеделдеген. Тіпті, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерден халық үздіксіз көшіп жатыр. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Серік Шайдаров мұның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтады.

«2010-2020 жылдар аралығында ішкі көші-қон ағыны есебінен халықтың өсуі Ақтөбе облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Аталған өңірлерде ел халқының 36%-ы тұрады. Сонымен қатар, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан халық жүйелі түрде көшіп жатыр. Мұның бәрі, сайып келгенде, өңірлер арасындағы елеулі әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздіктерге ғана емес, сондай-ақ елді мекендердің, әсіресе шекара маңы облыстарының әлсіз қоныстануына байланысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің туындауына алып келеді» дейді ол.
Сенатордың пікірінше, ендігі кезекте билік өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударуы тиіс. Өз ойын «Бұл жұмыс, ең алдымен өңірлік стандарттар жүйесіне байланыстырылып, қала мен ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылымның қолжетімділігі төмен стандарты бойынша жүргізілуге тиіс. 2019 жылдан бастап қолданылып келе жатқан өңірлік стандарттар жүйесі қайта қарауды талап етеді деп есептейміз. Өйткені ауылдық елді мекендер үшін бекітілген объектілер мен қызметтер тізбесі ветеринариялық пункт, мал қорымдары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сияқты маңызды орындарды көздемейді» деп түйіндеді Серік Шайдаров. Айта кету керек, былтыр көшіп келгендердің саны бойынша Алматы қаласы көш бастады. Мегаполиске өткен жылы 35 мыңнан астам адам көшіп келген.