КЛЕБАНОВТЫҢ КОМПАНИЯСЫН ТЕКСЕРУ НЕЛІКТЕН СОЗБАЛАҢҒА САЛЫНЫП ОТЫР?
Биылғы қыс екібастұздықтар үшін оңайға соққан жоқ. Қақаған аязда бүтін бір қала жылусыз қалды. Қазақстандықтар еліміздің түкпір-түкпірінен қажет заттарды жіберіп, қол ұшын берді. Қош делік, мұның елдің бірлігін бекемдей түскені белгілі. Әйткенмен орын алған апаттан келген шығынды есептеп, қыс ауа қызу жұмысқа кіріспесек, жылу желілері тозған қаланың мәселесін келесі жылғы аязға дейін шеше алмауымыз мүмкін. Ал бұл істің арты сиырқұйымшақтанып кеткен тәрізді.
Жуырда өткен өңірлерді дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда сенатор Алтынбек Нұхұлы дәл осы сауалды көлденең тастады. Созбалаңға салынған іс турасындағы сөзінде сенатор «Қазақстан экономикасының энергетикалық орталығы, яғни электр қуатының жартысына жуығын, көмірінің жартысынан астамын беріп отырған Павлодар облысы, Шерхан Мұртаза ағамыз айтпақшы, «алтын сандық үстінде жалаңбұт отырған» екібастұздықтардың ахуалы бәрімізге сын болып отыр» деді. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. «Жылумен жабдықтау жүйелеріне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысын неліктен созып отырмыз? Қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталатын кең ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен қанша миллиард қаржы қажет? Оған қажетті қаражаттың қанша пайызын құрылтайшысы Александр Клебанов болатын компания мойнына алмақшы? Келесі қысты екібастұздықтар көңілдері алаңдамай қарсы алатындай жағдай жасалады деп айта аласыз ба?» деді Алтынбек Нұхұлы.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзіне сенсек, аталған аудиттің қорытындысы наурыз айында шығуы тиіс. «Алдын ала айтайын, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға байланысты бүкіл жылу-электр орталықтарын тексеру жұмыстарын бірінші тоқсанның аяғына дейін аяқтауымыз керек. Яғни наурыз айының аяғына дейін осы іс жүргізіліп жатыр. Қасымда Дүниежүзілік банктің өкілі отыр. Соның көмегімен қаражат та бөлінді. Қазіргі таңда біріккен топ бүкіл 37 жылу-электр орталығының жұмысын тексеріп жүр. Оның қорытындысын бірінші тоқсанның аяғында күтеміз» деді ведомство басшысы. Айтуынша, Екібастұздағы жылу мәселесін шешуге қажет қаражаттың нақты көлемі әлі күнге белгісіз. Ал Александр Клебановтың компаниясына келсек, оның қаражатты бөлуі немесе мемлекеттік көмектесетіні белгісіз болып шықты. Нақтырағы «Ал Екібастұз стансасының иесі қаражат бөле ме, жоқ па деген мәселе де қазір қарастырылып жатыр. Әрине, бұл стансаларды жөндеуге және жұмыс істеуіне қаражат бөлу — олардың міндеті. Қазір қай жолмен жасалатыны, бірлесіп жасаймыз ба, я болмаса, өз қаражатын бөле ме, ол әлі анық емес. Келіссөз жүргізіледі» деді министр.
Еске салсақ, өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екібастұздықтар екі күннің бірінде жылусыз отыруға мәжбүр.