ӘЛЕМДЕ ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР
INSTAGRAM-ДА ЖАҢА ФУНКЦИЯ ПАЙДА БОЛДЫ
Instagram әлеуметтік желісінде ерекше функция пайда болды. Яғни енді аталған әлеуметтік желіде Telegram-дағыдай арналар пайда болды. Онда хат, сурет, видео алмасып, сауалнама жүргізу мүмкіндігі болады.
«Арналар» пайда болғаны туралы Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг хабарлаған. Әлеуметтік желіде ашылған алғашқы арнаның бірі компания басшысының арнасы болған. Әзірге жаңа функция кейбір қолданушыларда ғана (негізінен АҚШ тұрғындарында) қолжетімді. Алдағы уақытта бұл режим барлық қолданушыда пайда бола бастайды.
ТҮРКИЯ: ҚИРАҒАН ҒИМАРАТТАРДЫҢ ҮЙІНДІСІ 660 СТАДИОНДЫ ТОЛТЫРУЫ МҮМКІН
Түркиядағы жер сілкінісі аймағында тазартылатын үйінді көлемі 100 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Апат аймағынан жиналған үйінді көлемі 660 стадионды толтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта Түркияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы бірқатар провинцияда тұрғын үй қорына мониторинг жалғасып жатыр. Қираған үйлер үйінділерін тазалау басталды.
Ғимараттарды сүретін мердігерлер қауымдастығының бұрынғы басшысы, MAB Yıkım директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Әли Булут Түркияда қазір сүру жұмыстарын жүргізетін 480 мердігер жұмыс істейтінін айтты. Тиісті аттестациядан өтпеген немесе сертификат алуға мүлде өтініш білдірмеген компанияларды есепке алғанда құрылыс компанияларының саны 2 мыңға жетуі мүмкін.
Ол апатты аймақта сүрілетін ғимараттардың көп екенін атап өтті. «Ғимараттарды кәдімгі әдістермен жылдам бұзу мүмкін емес. Бұзу процесі екі жылға дейін созылуы мүмкін. Әрине, жарылғыш заттарды қолдану арқылы процесті тездетуге болады, бірақ біздің елде мұндай мамандар жеткіліксіз» деді Булут.
Бұл ретте үйінділер арасында жиналған темірді өңдеуге жіберуге болатынын атап өтті. «Бірде-бір грамм темірді лақтыруға болмайды. Барлығын экономикаға қайтару керек. Билік қазірдің өзінде 61 722 ғимаратты бұзу жоспарын жариялады, бұл 89 миллион тонна үйінді тазарту керек деген сөз. Қираған ғимараттардың үйіндісі 100 миллион тоннаға жетуі мүмкін. 1 миллион 750 мың тонна металл сынығын алуға болады, бұл экономикаға 6 миллиард 600 миллион лира әкеле алады. Апат аймағынан шыққан үйінді көлемі 660 стадионды толығымен толтыруға жетеді» деді MAB Yıkım директорлар кеңесінің төрағасы.
АҚШ ҒАЛЫМДАРЫ АЛАПАТ АПАТ
ТУРАЛЫ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ
АҚШ-тың батыс аймағында ұзақ уақыттан бері құрғақшылық болып жатыр. Бұл бүкіл өңірдегі су ресурсына кері әсер етуде. Сарапшылардың сөзінше, егер алдағы 10-20 жылда құрғақшылықтың алдын алмаса, бүкіл ел үшін салдары қиын болуы мүмкін.
Ғалымдардың сөзінше, АҚШ-тың құрлық бөлігінің 65 пайызы белгілі бір деңгейде құрғақшылық жағдайында. «Зардап шеккен штаттардың ішінде Юта, Орегон, Небраска, Канзас және Оклахома бар. Оның әрқайсында құрғақшылық жайлап тұрған аудандар бар» делінген зерттеуде. Ғалым Рик Рилидің сөзінше, мұндай жағдай кейінгі 1200 жылда болмаған.
Экологиялық және энергетикалық менеджмент институты жетекшілерінің бірі Джонатан Дисон тағы бір-екі онжылдық құрғақшылық сулы горизонттарды едәуір сарқып, жерасты суларының ресурстарын жоғалтып қана қоймай, жердің шөгуіне әкеліп соқтыратынын, бұл қоғамдық инфрақұрылымға жалпы зиян келтіретінін ескертті. Сарапшылар АҚШ-та ерекше құрғақшылық кезеңі 2030 жылға дейін созылуы мүмкін деп болжайды.
ҮШ ЕЛДЕ 300-ГЕ ЖУЫҚ
АДАМ ЖӨТЕЛГЕ ҚАРСЫ СИРОПТАН ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдерді медициналық алаяқтықты болдырмау, анықтау және әрекет ету үшін шұғыл әрекетке шақырды. Бұл Гамбияда, Индонезияда және Өзбекстанда жөтелге қарсы сироптарды ішкеннен кейін бірнеше адам қайтыс болғаны туралы хабарланғаннан кейін орын алды.
Бұл жөтел сироптарының кейбірін үнділік Maiden Pharmaceuticals және Marion Biotech компаниялары шығарған. Гамбия мен Өзбекстанда осы сиропты ішкен бірнеше адам өлген. ДДСҰ соңғы төрт айда бірнеше елде балаларға арналған рецепсіз жөтел сироптарының күдікті жағдайлары туралы хабар келгенін айтады. Халықаралық ұйымның мәліметінше, бұл сироптар кем дегенде жеті ел 300-ден астам адамның өмірін қиған, олардың көпшілігі — бес жасқа дейінгі кішкентай балалар. «Бұл сироптар улы химикаттар. Оларды ешқашан қолдануға болмайды. Оларды аз мөлшерде қабылдаудың өзі өлімге әкелуі мүмкін» делінген ұйымның мәлімдемесінде.
ИЛОН МАСК ИТІН
TWITTER-ДІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ ЕТІП «ТАҒАЙЫНДАДЫ»
Twitter әлеуметтік желісінің иесі Илон Маск компанияның жаңа бас директорын таныстырды. Миллиардер әлеуметтік желінің жаңа бас директоры етіп Флоки есімді сиба-ину тұқымына жататын итін «тағайындады».
Нақтырағы Маск Twitter логотипі бар футболка киген, айналасында құжаттар мен ноутбук тұрған, бас директор креслосында отырған Флоки атты итінің суретін бөлісті. Әлеуметтік желі қолданушылары Маск жазбасына әртүрлі пікір қалдырды. Кейбіреулер мұны күлкілі әзіл ретінде қабылдаса, енді басқалары мұны миллиардердің эксцентризмге толы мінез-құлқының тағы бір көрінісі деп санайды.
Бірақ жазба Twitter пайдаланушылардан жүздеген мың лайк жинаған. Илон Маск өз орнына Twitter-дің жаңа бас директорын іздеп жүргені белгілі. Ол тіпті келесі бас директор қызметіне танымал YouTube блогері MrBeast-ті ұсына алатынын айтты. Дегенмен бұл лауазымда әзірге өзі отыр. Айта кету керек, миллиардер Twitter платформасын 2022 жылдың қазан айында 44 млрд долларға сатып алды.