ШЕТЕЛДЕН КЕЛЕТІН ШҰЖЫҚТЫҢ КӨЛЕМІ ШЕТКЕ ШЫҒАРАТЫНЫМЫЗДАН 262 ЕСЕ КӨП

импортқа тәуелділіктен қашан арыламыз?

Қазақтың күнделікті тіршілігінде ет және ет өнімдерінің маңызы айрықша. Нарықта аталған өнімге деген сұраныс та жоғары. Әйткенмен ет пен шұжыққа келгенде шетке тәуелді екенімізді мойындауымыз тиіс. Бүгінде сыртқа шығаратын өнімнен импорттық тауарлардың саны басым. Сондықтан базардағы бағаға да айрықша әсер ете алмайтынымыз бар. Өйткені саудагерлердің дені қымбатшылықты жол мен логистикаға әкеп тірейді. Қош делік, аталған сала бойынша Қазақстанның әлеуеті қандай? Қандай жетістігіміз бар? Неден ұтылып жатырмыз? Тарқатайық…

Еnergyprom.kz мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қаңтары мен қарашасында Қазақстаннан басқа елдерге барлық түрдегі балғын, салқындатылған немесе мұздатылған ет экспорты 38,6 мың тонна құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға және «коронадағдарыс» алдындағы 2019 жылмен салыстырғанда 66,9 пайызға көп. Ал ет импорты уақыт өткен сайын азайып келе жатыр. Нақты сандарды сөйлетер болсақ, өткен жылы импорт көлемі 144,5 мың тоннаны құрады. Оның 88 пайызы құс еті екенін айта кету керек. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 45,7 пайызға аз. Әйткенмен көлеміне келсек, ауқымды айырмашылықты айқын байқаймыз. Соңғы екі жыл ішінде шетке шығаратын еттің көлемі өскенімен, өзге елдерден сатып алатын етке қарағанда әлдеқайда төмен. Демек ет бойынша сырттан келетін өнімге тікелей тәуелдіміз. Ал құс етін айтып жатудың өзі артық. Бұл саладағы мәселе шаш-етектен. Жуық арада ішкі нарықты толық қамти қоюы екіталай.
Ал ет өнімдері бойынша жағдай тіпті мүшкіл. Бұл салада Қазақстанның шетке шығаратын өнімдері мүлде аз. Мәселен, республика 11 айда сыртқы нарыққа барлығы 149 тонна шұжық шығарса, импорт 39,1 мың тонна, яғни экспорттан 262 есе көп. Бұл мардымсыз экспортты толық 2021 жылдың көрсеткіштерімен салыстыратын болсақ, оның көбейгенін көруге болады. Алайда 2019 жылмен салыстырғанда бірден 63,4 пайызға азайған. Осындай болмашы ғана экспорт көлемінің азайғаны да, көбейгені де соншалықты маңызды емес. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы қазақстандық ет экспортының көлемі жалғыз шұжық өнімдерінің импортымен шамалас болып отыр. Өткен жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында отандық шаруалар халықтың етке деген сұранысын төмендегідей көрсеткішпен қанағаттандырып отырған. Яғни қой етімен 100 пайызға, сиыр етімен 98,6 пайызға, жылқы етімен 97,5 пайызға, шошқа етімен 90,3 пайызға, құс етімен 67,4 пайызға қамтыған. Халыққа қажет құс етінің 32,6 пайызы, консервінің 37,9 пайызы, шұжықтың 39,7 пайызы Қазақстанға шетелдерден әкелінеді. Қош делік, ет өнімдерімен қамту көрсеткіші көңіл көншітпейді. Олай болса, отандық өндіріс қалай дамып жатыр? Әлде өндіріс кеміген бе?
Мәліметтерге сүйенсек, соңғы екі жылда елдегі ет өндірісі жалпы оң динамика көрсетті. 2021 жылы ірі қара, қой, шошқа және жылқы етінің өндірісі 8,1 пайызға немесе 311,3 мың тоннадан 336,5 мың тоннаға, ал 2022 жылы 3,9 пайызға өсті. Тауық және басқа да құс етін өндіру 2021 жылы 9,7 пайызға немесе 100,5 мыңнан 110,3 мың тоннаға, ал өткен жылы 4,2 пайызға өсім көрсеткен. Ал етті өңдеу бойынша жағдай тұрақсыз. Бірде өседі, енді бірде кемігенін айқын аңғаруға болады. Мәселен, 2021 жылы ет және ет-көкөніс консервілері бойынша өндіріс көрсеткіштері екі санат бойынша да 27 пайыздан астамға төмендеді. Өткен жылы өсім оң болғанымен, 2021 жылдағы құлдырауға дейінгі деңгейге әлі жете алған жоқ. Ал шұжық шығару ісінде ілгерілеу бар. 2021 жылы 3,4 пайызға, 2022 жылы 8,3 пайызға көбейген.
Еліміздегі ет өңдеу өнеркәсібінің баяу дамып келе жатқанының өзіндік себебі бар. Басты түйткіл – бәсекеге қабілетті ірі өңдеу кешендерін салу үшін шаруалардың инвестиция салуға енжарлығы. Ал шетелдік инвесторлар тұрақсыздыққа байланысты қазақстандық жобаларға инвестиция сала бермейді. Бұл пікірді ҚР Ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев та қолдайды. Бұл туралы ол McDonald’s Қазақстаннан шығып кеткен соң жазды. Елімізде жарияланған жоғары халықаралық стандарттағы бургер етін шығаратын ет комбинаттары жоқ екені белгілі болды. Мұндай кәсіпорынды итальяндық Cremonini компаниясы 2020 жылы іске қосуы керек еді. 2016 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандум жасасқан. Бірақ тиісті министрлік басшылығы, Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, даму векторын екі рет өзгерткен, сондықтан инвестор жобаны қысқартып, кетіп қалған. Бұл ғана емес. Ет магнаты австралиялық «Cedar Meat» компаниясы Қазақстандағы инвестициялық жобасын соңына жеткізген жоқ. 2018 жылы Өскеменге «Altay Invest — 2018» инвестициялық форумында Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында ет өңдеу кешенін салу туралы келісімге қол қойған компания өкілі Эндрю Фернихофф келді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жоба әлі де әзірленіп жатыр. Дәл сол инвестициялық форумда ет кластеріне Біріккен Араб Әмірліктерінен ірі инвестор келгені айтылды. Король әулетінің өкілі Халифа бен Халид Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында күркетауық етін өндіретін агроферма құрылысына 45 млн АҚШ доллар инвестиция салмақ болған. Бір жылдан кейін инвестордың ойын өзгерткені белгілі болды. Қарап отырсақ, салада мәселе жеткілікті. Сәйкесінше, күні бүгінге дейін шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыра алмай жатқанымыз – шындық.
Қорыта айтсақ, жуық арада ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамту мүмкіндігі жоқ. Әлі де болса, шекара асып, шеттен келетін тауарларға тәуелділік сақтала бермек. Ет пен ет өнімдерін өндіру мен терең өңдеу ісі толықтай жолға қойылмайынша, құрамы күмәнді шетелдік өнімді тұтынуға мәжбүрміз. Ал отандық инвесторларға келсек, салаға қаржы құюға асықпайды. Ал шетелдіктер көл-көсір пайда болмаса, ақшаны ауаға сарыптамайды. Екі ортада қымбатшылықтың кесірі халыққа тиіп жатыр. Әдетте өндіріс артқанын жиі айтатын министрлік импортпен салыстыруды құп көре бермейді. Бүгінгі қарқынмен мемлекет басшысы айтқан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бастамасының жуық арада жүзеге аса қоюы да неғайбыл….

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.