АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ
Түркістан облысында азық-түлік құнын тұрақандыру шаралары жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырды. Аппарат жиынында алыпсатарларға бақылауды күшейтіп, азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермеуді міндеттеді. Бағаның бақылаусыз кетпеуін қадағалауды тапсырды.
Облыс басшысы қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды күшейтіп, аудан, қала әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне тікелей өткізу жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыруды міндеттеді. «Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Азық-түлік бағасын бақылау, оның өсуіне жол бермеу жұмыстары ойдағыдай емес. Нақты нәтиже аз. Жәрмеңкелер де өз нәтижесін бермей отыр. 2019-2021 жылдары 14 әлеуметтік дүкені ашылып, одан кейін мұндай дүкен ашу ісі тоқтап қалған. Биыл ғана саны артқалы жатыр. Осы салаға жауапты орынбасарым мен жауапты басшыларға азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің алдын алу, мониторинг жұмысын күшейтуді тапсырамын. Қоймадағы азық-түліктердің аудан, қалаларға әділ бөлінуі, таратылуы қадағалансын. Екіншіден, Түркістан – еліміздегі ең азық-түлік көп өндірілетін, көкөніс пен жеміс-жидек өсірілетін әрі бағасы арзан өңір. Бірақ статистикада қымбат аймақтар қатарында тұр. Сондықтан статистикалық сараптама жасау жұмысын да бір қарап шығу керек деп ойлаймын» деді Дархан Сатыбалды.
Биыл белгіленген бағада сауда жасайтын әлеуметтік дүкендер санын 13-тен 50-ге жеткізу көзделген. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға арттыруға жол бермеу үшін сауда желілерімен, өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылады.
Соңғы аптада Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде пияздың бағасы 145 теңге, рожки 308 теңге, күріш 380 теңге болған. Бағаларды тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Түркістан облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия отырысы аптасына 3 рет өткізілуде. Делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары күшейтілген. Мониторинг және талдау нәтижесінде бірқатар сауда орындарында сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің айналым схемасы мен форвардтық шарттар қатысушыларының сауда желілеріне көкөніс өнімдерін тікелей жеткізуі есебінен қаланың ірі супермаркеттерінде көкөніс бағасы төмендетілді. Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін, қала аумағында 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орын және 187 дүкен қызмет көрсетуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді.
Бұдан бөлек, өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша жалпы 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұм жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады. Облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%-ға, жұмыртқамен 45%-ға қамтамасыз етіледі. Осыған орай, құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап, жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады. Болжам бойынша биыл 20 мың га жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау жоспарлануда.
Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 19 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен барлық өңірлер әкімдіктері мен ӘКК-ның өкілдерінің қатысуымен Сарыағаш ауданында ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар түзу жөнінде көшпелі жиналыс өтті. Жиын қорытындысымен жалпы 6440 тонна өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өсірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды.