БАЛАЛАР – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ

Түркістан қаласының уақыт өткен сайын көркейіп келе жатқаны белгілі. Қазірдің өзінде көптеген нысандар бой көтеріп, қала сәулеті арта түсуде. Жаңа ғимарат пен заманауи материалдық-техникалық база мекемелердің жұмысын жетілдіруге сеп болып жатқаны да бесенеден белгілі. Солардың бірі – бірнеше жылдың ішінде ЮНЕСКО клубтарының қатарына еніп үлгерген «Оқушылар сарайы».

Қазіргі таңда бұл мекемеде 6 бағыт бойынша 60-қа жуық үйірме жұмыс істеп, 1200-ден астам 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер мен ересектер қосымша білім алып жатыр. Атап айтсақ, мұнда барлық пәндер мен бірнеше шет тілі, IT-технология, спорт, зергерлік өнер, ағаш шебері, дәстүрлі ән және аспаптар сынды үйірмелер бар. Көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары аталған үйірмелерге тегін қатыса алады. Осы және өзге де жұмыстар туралы мекеме директоры Индира Икапова Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында айтты.
Индира Сарқытқызының айтуынша, өткен жылы «Оқушылар сарайы» ЮНЕСКО клубы мен бірнеше мекеме арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Ол келісімдер нәтижесіз де емес. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ және Тұран-Астана университетімен өзара ынтымақтастық аясында былтыр «өнерлі жас», «бармақтар», «өлкетану», «хореография», «жас дарын», «мәдени-тынығу жұмысы», «бейнелеу өнері», «сән, интерьер дизайны» және «өнеркәсіптік дизайн», «дизайн», «сәндік өнер» және «этнодизайн» бағыттары бойынша республикалық «JAS TALANT» онлайн конкурсы өткізілген. Оған еліміздегі білім беру мекемелерінің бітіруші оқушылары мен бітіруші колледж студенттері қатысып, 4 жоғары оқу орны бөлген 30 грантты сарапқа салған. Республикалық деңгейде өткізілген бұл жобаға қатысу бойынша 70-ке жуық өтініш түсіп, додаға түскен үміткерлердің 21-і грант иегері атанған.
«Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубына қарасты тігін шеберханасындағы «Киім моделін жобалау» үйірмесінде ересектерге арналған «Ісмер ана» жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – үйінде жұмыссыз отырған көпбалалы аналарға бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау және қыз-келіншектердің қоғамдағы мәртебесін арттыру. Аталған курста толық білім алған аналар «Оқушылар сарайы» мен Түркістан облысының кәсіпкерлік палатасы арасындағы меморандум арқылы сертификат алып, өз кәсіптерін жалғастыра алады» деді мекеме директоры.
Сондай-ақ қазіргі таңда бұл жоба кеңінен қолдау тауып, өңірдегі аудан, қалаларда «Ісмер ана» жобасының филиалдарын ашу жоспарлануда. Ал «Qumyra» жобасы көпшіліктің сұранысына ие болып отыр. Онда сазбалшықтан құмыра жасау бойынша шеберлік сабағы жүргізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары осында құмыра жасап, суретке түсіп, сұранысты арттырып жатыр.