КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН ЕРЕКШЕ КӘСІПТІ ЖҮРГІЗІП КЕЛЕДІ
Мемлекеттің қаншалықты дамығаны әлеуметтің әлеуетімен өлшенеді. Сондықтан алды әлем алпауыттарынан бастап дамушы елдерге дейін жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты жұмыспен қамтуға айрықша назар аударып келеді. Жұмыссыздық мәселесі соңғы уақытта күн тәртібінен түспей қойды. Өйткені халықаралық деңгейдегі геосаяси тұрақсыздық экономикаға айрықша әсер етті. Көптеген ірі кәсіпорындардың жұмысы тұралап қалды. Сондықтан кәсіпкерлік салаға қолдау көрсетуге мемлекеттің өзі айрықша мүдделі болып отыр.
Бұл тұрғыдан келгенде елімізде бірқатар маңызды да нәтижелі бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекеттік гранттар берілуде. Осының арқасында екі қолға бір күрек таппай жүрген талай тұрғын кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетуде. Бұдан бөлек, осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлікті дамыту, идеясы бар жастарға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта аудан, қалаларда жұмыс жүріп жатыр. Жаңадан кәсібін ашқандардың бірі – Фариза Жаңабек. Кентау тұрғыны мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бүгінгі таңда сағат, кескіндеме бұйымдарын шығаруда. Ерекше бұйымдарды эпоксидті шайыр өнімін қолдану арқылы жасайды.
Фариза Мықтыбекқызы бұл кәсіп түрін курстарға қатысып, үйренген. «ResinArt» техникасымен жұмыс жасауды игеріп шыққан. Бүгінде кәсіпкер шеберхананы жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіп бастағанына көп болмаса да, өнімдеріне жергілікті тұрғындар тарапынан тапсырыстар аз емес. Эпоксидті шайыр өнімінің кебуіне байланысты, аптасына екі, үш тапсырыс қабылдауда. Қазір Кентауда аталмыш кәсіп түрімен айналысатын шеберлер саны артып келеді. «Бұл кәсіптің өз ерекшелігі болғандықтан таңдадым. Енді дамып жатқандықтан сұраныс көбірек. Бұл іс көпшілікке қызық, сол үшін үйренуге ниетті жандар көп. Бірақ оңай көрінгенімен үлкен еңбекті талап етеді» дейді жас кәсіпкер. Жалпы Түркістанда мемлекеттік гранттың игілігін көрген азаматтар жетерлік. Бүгінде өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып отырған жандар турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында да жазған едік…