АШЫҚТЫҚ – ӘДІЛЕТТІ БӘСЕКЕНІҢ БАСТАУЫ

Елімізде білім саласында бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Соңғы жылдары салада серпіліс байқалады. Бұдан бөлек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар бастамалар көтерілді. Нәтижесін көзіміз көріп келе жатыр. Жалпы білім ордасының бәсекеге қабілетті болуы басшыға тікелей байланысты. Сондықтан мектеп директорын тағайындау ісі ашық болуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Тарқатайық…

Түркістан облысы білім басқармасы білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсының әңгімелесу кезеңін өткізді. Ерекшелігіне келсек, конкурстың осы шешуші кезеңі фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев білім ұяларының басшыларына және ұстаздарға маңызды жауапкершілік жүктелгенін, басшыларды тағайындау әділ жүргізілуі тиіс екенін айтты. Өз сөзінде «Түркістан – демографиялық өсімі жоғары өңір. Оқушы саны да жыл сайын артып келеді. Облыста 900-ден аса мектеп, 1000-нан аса балабақша бар. Сондықтан білім саласы өкілдеріне, ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік өте жоғары. Білім саласындағы азаматтар, ұстаздар қауымы өздеріне жүктелген жауапкершілікті жүрекпен сезеді деп сенемін. Ұрпақ тәрбиесін сапалы жүргізіп, адам капиталын дамыту – өте маңызды жұмыс. Бұл ретте білім ұйымдарының басшыларын іріктеу әділ әрі ашық жүргізілуі тиіс. Бүгінгі конкурс барысы әлеуметтік желіде тікелей көрсетіліп жатыр. Комиссия құрамына да білікті азаматтар тартылды. Комиссия әрбір үміткерге терең талдау жүргізіп, біліктілігіне, парасаттылығына, адами болмысына әділ бағасын беруі тиіс. Үміткерлерге сәттілік тілеймін» деді Бейсенбай Тәжібаев.
Айта кету керек, білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау заң талаптарына сай жүргізіліп келеді. Әңгімелесу кезеңіне 53 үміткер қатысты. Олар 35 мекемеге басшы болудан үмітті. Үміткерді бағалау ашық дауыс беру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар бағалау парағы қоса тіркеледі. Талапқа сәйкес үміткерлер «Әңгімелесу» кезеңіне дейін конкурстың құжат тіркеу, тест, қамқоршылық кеңестен келісім алу кезеңдерінен өткен. Олардың арасында еңбек өтілі 30 жылдан асқан аса тәжірибелі ұстаздар бар.