ЖОО ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 67 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН

Елімізде жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 79 пайызды құрайды. Бұл жөнінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарының 2022 жылғы рейтингінде көрсетілген.

Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова «2022 жылы түлектердің 67 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Түлектердің жұмысқа орналасуының орташа көрсеткіші – 79 пайыз, жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 97 күн, яғни 3 айға дейін. Ал сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша – тіпті бір ай ішінде жұмыс табады» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, аталған рейтингте шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік статискасы да бар. Спикердің сөзіне сенсек, студенттерді сыртқы академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарында, яғни бір семестр немесе триместр ішінде оқыту мүмкіндіктері кеңейді. Конкурсқа қатысқан түлектердің 44 пайызы шетелде оқудан өткен. Ал түлектердің 11 пайызы магистратурада оқуын жалғастырған. Бұдан бөлек, білім беруді цифрландыру саласында қашықтан оқытуды қамтамасыз ету бойынша тұтас экожүйе қалыптасқан. Жоғары оқу орындарының 90 пайызы электрондық кітапханалармен, 95 пайызы антиплагиатқа қарсы жүйемен, 98 пайызы прокторинг жүйесімен қамтылған. Сондай-ақ жиын барысында жұмыс берушілердің пікірлері де назардан тыс қалмаған. Оған сенсек, жұмысқа орналасқан түлектердің шамамен 67 пайызы жұмыс берушінің талаптарын тиісті деңгейде орындап, көңілдерінен шыққан.