АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

өзен жағалай қонған елдің өзекті мәселесі қашан шешіледі?

Қалың жауған қар оңтүстік жұртын біраз әбігерге салды. Жылыжай шаруашылығының шығыны шаш-етектен. Боранның кесірінен шалғайдағы бірқатар ауылдарда жарық сөнді. Көгілдір отыннан таршылық көрген аудандар да бар. Оған көмір тапшылығын тағы қосыңыз. Айта берсек, көп. Солтүстік өңірлерде де ақтүтек боранның арты аязға ұласып, әлеуметті әбігерге салды. Жылуға жарымаған жұрттың жанайқайын қалың қазақ жақсы біледі. Әйтсе де қауіптің беті қайтты деуге әлі ерте. Енді ел тұрғындары күннің күрт жылынуынан қорқып отыр. Өйткені қыруар қаржы бөлінгенімен, мардымды жұмыс атқарылмай жатқан өңірлер бар. Осының салдарынан су тасқыны болуы мүмкін…

Жыл сайын жергілікті атқарушы билік су тасқынымен күрестің қарқынды жүріп жатқанын мәлімдейді. Әйтсе де мұның барлық уақытта шындыққа сәйкес келе бермейтінін жұрт жақсы біледі. Соңғы жылдары елімізде болған бірнеше жағдай – мұның дәлелі. Жайлы жерде отырып, үйдей уәде беретін шенеуніктер биыл да күннің жылынуымен келетін қауіпке дайын болмай шықты. Нақтырағы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқынына тыңғылықты дайындықты жүргізбей отырған әкімдіктердің барын мәлімдеді. Ведомство басшысы өз сөзінде «Ақмола облысында, Көкшетау қаласында Қылшақты өзенінің арнасын тазалау және оның автомобиль көпірінің астындағы өткізу қабілеті ұлғайту толық көлемде жүргізілмеген. Батыс Қазақстан облысында өткен жылы су жағалаудан шыққан Шалғын ауылының шегінде Шиелі өзенінің арнасы тазаланбаған. Ақмола облысы Р.Қошқарбаев ауылының аумағында Нұра өзенінің жағасын нығайтуды қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. Су тасқыны болғанда жыл сайын жағалау бұзылады, су үйлерге жақындайды. Биыл жобалық-сметалық құжатты қолданылу мерзімі аяқталады» деді. Ең қызығы бұл емес. Былтыр Түркістан мен Маңғыстау облыстарында елді мекендерді су басуына арық-нөсер жүйелерінің болмауы мен арық-каналдардың су өткізу мүмкіндігінің жеткіліксіздігі себеп болған. Әйтсе де орын алған оқиғадан сабақ алмаған өңір бар. Бұл – Маңғыстау облысы. Әкімдік су басудың алдын алу шараларын күшейтуді былай қойғанда, былтырғы жағдайдың қайталанбауына әрекет те жасамаған. Мұны бір деңіз…
Екіншіден, ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын, ал еліміздің қиын оңтүстігінде нормадан 1°С жоғары болмақ. Бұдан бөлек, Түркістан облысында, Қызылорда, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы, Жетісу облыстарының оңтүстік жартысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деген болжам бар. Ендеше жыл сайын су тасқынынан зардап шегетін ағайынның алаңдауына негіз бар. Қала берді, бұл орын алған апатты табиғаттың тосын мінезіне балайтын шенеуніктерге құлаққағыс болуы тиіс. Қош делік, судан келер қауіпке кеше немесе бүгін ұрынып жатқанымыз жоқ. Бұл – біраз уақыттан бері күрделі түйткілге айналған мәселе. Ендеше билік тарапынан қандай шара көрілді?
Біраз жылдан бері аталған мәселе бюджетке ауқымды салмақ салып келе жатыр. Бұл салаға аз қаржының бөлінбесі белгілі. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында су тасқынының алдын алу үшін 42 млрд теңге бөлінген. Кейін бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат 4 есеге жуық өсті. 2020-2023 жылдары 160 млрд теңге жоспарланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін республика аумағындағы 315 елді мекенде су басу қаупі сейілген. Бұдан бөлек, 2022 жылдың өзінде әкімдіктер 11 млрд теңгеден астам қаржыға Жол картасы негізінде 41 іс-шараны, өңірлерді дамыту жоспарында 416 іс-шараны жүзеге асырған. Бұл — өзен арналарының аса қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары, 1,5 мың шақырымнан астам каналдарды және арықтарды тазарту, 40 гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, қорғаныш бөгендері мен біліктерін 16 шақырымға салу және 43 шақырымын жөндеу, 26 шақырым нөсер кәріздерін тазарту, автомобиль жолдарында 105 су өткізу құбырын орнату. Қабылданған шаралар қауіп-қатерден 213 елді мекенді қорғауға және 550 мыңнан астам адам тұратын 580 елді мекен үшін барынша азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың сөзіне сенсек, бүгінде дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылған. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, автожолдар мен жол құрылыстарына күнделікті тексеру жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін инертті және басқа материалдарды дайындау басталды. Қазіргі уақытта материалдардың дайындығы 50%-ды құрайды. Қарап отырсақ, әкімдіктің есебі секілді министрдің де баяндамасы мінсіз. Жұмыс атқарылып жатыр. Жоба жүзеге асуда. Әйтсе де қауіп-қатер туралы сөз болса, ешбірі нақты жауап бере алмай кібіртіктейді. Ендеше кінә кімде? Жыл сайын қайталанатын құбылыстан қашан құтыламыз? Қыс өте өзен жағасында орналасқан ауылдар жанын шүберекке түйіп, түнін кірпік қақпай өткізетінін жайлы жерде отырған, ұйқысы тыныш шенеуніктер біле ме? Білмейтін сияқты. Білсе, министр айтқан мәселенің бірі де қайталанбас еді-ау…
Қорыта айтқанда, биыл да су басу қаупі сейілген жоқ. Ала жаздай атқарылмаған істі қыстың қақаған аязында жүзеге асырады дегенге сену де қиын. Өйткені Үкімет отырысында мәселені шешу жолдарын талқылауға қарағанда «дауылды ескерту» жіберілетіні жиі сөз болды. Соған қарағанда, жауапкершілікті жұртқа артқан сыңайлы. Қош делік, ауылдағы ағайынға «дауылды ескертуді» күтуден басқа амал жоқ. Бірақ жыл сайын жан бағып, жан-жаққа бытырай қаша бере ме? Жұрттың жиған-тергенін топан суға ағызып, амалдың жоғынан мектеп пен өзге де мекемелерді паналауы қашан тыйылады? Сұрақ көп. Шенеуніктер үнсіз. Әупірімдеп күн жылып, қауіп сейілсе болғаны. Қалғаны — келесі жылдың еншісіндегі мәселе. Осылай жалғасып келе жатқанына жылдар болды. Бірақ көкейде бір ғана сауал самсап тұр. Мәселе қашан шешіледі?

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.