КЕДЕЙЛЕР САНЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Өткен жыл еліміз үшін ғана емес күллі жаһан үшін ауыр болды. Геосаяси жағдайдың ушығуымен сан түрлі саладағы жұмыс тұралап тұр. Логистикалық тізбек бұзылды. Артынша базардағы баға құбылды. Қымбатшылық қысқан әлеуметтің табысы төмендеп барады. Мемлекет тарапынан бірқатар бастамалар көтерілгенімен, оның нәтижесін көз көрмей келеді. Азық-түлік бағасы шарықтамаса, түспейтін түрі жоқ.
Міне осындай сан түрлі себептен Қазақстанда кедейлік деңгейі былтырға қарағанда артқан. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың өзі айтты. Нақтырағы «Былтыр елімізде кедейлер үлесі 4,9 пайыз болса, биыл 5,1 пайызға жетті. Демек кедейлер саны артқан. Жоғары инфляция азаматтардың табысына айтарлықтай әсер етті. Тапқан табыстың дені азық-түлікке жұмсалады. Нәтижесінде отбасыны одан әрі дамытуға қаржы жетпейді. Әрине, күнкөріс деңгейінің азая түсуі әр отбасыға әсер етеді» деді ведомство басшысы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қош делік, мұның ресми статистика екенін ұмытпағанымыз абзал. Едел-жедел шара көрілмесе, кедейлік деңгейінің өсе беретіні бесенеден белгілі. Үкіметке иек артудан басқа амал жоқ. Ал бұл міндет қазіргі құрамның қолынан келе ме? Анығын уақыт көрсетеді…
«Уақыт».