ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 62 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыстағы 831 елді мекеннің 465-і немесе 56 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Ал 2023 жылдың қорытындысымен 516 елді мекенді табиғи газды қосу жоспарланып отыр. Жоспар толығымен жүзеге асса, облыс халқының 62 пайызының көгілдір отын мәселесі толығымен шешімін табады. Сонымен қатар алдағы 3 жылда қосымша 247 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге немесе 86,8 пайызға жеткізілмек. Облысты алдағы уақытта газбен жабдықтау саласында жалпы құны 19,1 млрд теңгені құрайтын 56 жоба әзірленген. Сондай-ақ өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы немесе 86,5 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде 101 елді мекен ауыз суды бұлақ көздерінен, 11 елді мекен ашық су көздерінен пайдалануда. Қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін ауыз судың орташа тариф құны — 64,97 теңге, бюджеттік мекемелер үшін — 125,3 теңге, өнеркәсіп және коммерциялық ұйымдар үшін – 129,5 теңге. 2023 жылдың қорытындысымен 831 елді мекеннің 736-ын немесе 88,6 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Түркістан облысы — электр қуатына тапшы өңірдің бірі. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20 пайызын ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80 пайызын еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы станциялардан тасымалданады. Облыс аумағындағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елді мекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. 2023 жылдың қорытындысымен 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.