ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНУДА
Қалың қардың жұртшылықты әбігерге салғаны белгілі. Жарық сөніп, байланысы нашарлаған ауылдар да бар. Әйткенмен әлеуметті бұдан да қатты алаңдататын мәселе де жоқ емес. Ол – күнның жылуымен туатын түйткіл. Яғни су тасқыны орын алуы мүмкін. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінде аталған мәселенің алдын алу бағытында қыруар іс атқарылып жатыр.
Мәселен, жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдіктеріне көктемгі су тасқыны мен селдің алдын алу бойынша тапсырма берген болатын. Берілген тапсырма аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Хайрулла Кеңесов тиісті жауапты мекемелердің басшыларымен Ақтөбе ауылдық округінде болды. Өңірде қардың көп болуына байланысты су тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Яғни ауа райы күрт жылынып, жауын-шашын түскен жағдайда, өңірдің барлық ауылдарында еріген қардың салдарынан қиындық болуы ықтимал. Себебі 2008 жылы қардың қалың түсіп, ауа райының күрт жылынуынан Ақтөбе ауылдық округінің елді мекендерін су басып, шығынға батырған болатын.
«Ауданымыздың дені қырлы, жайылым алқаптарынан тұратынын ескерсек, жер бедеріне қатқан тоң, қар суының лезде сіңіп кетуіне кедергілер туындатады. Мұндайда ауылдық елді мекендер маңындағы қашыртқылардың тазалығына мән берген абзал» деген Жәнібек Есенұлы қажетті техникалар сақадай сай болуын тапсырды. Сала мамандары тарапынан зерделеу жұмыстары нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы үш нүктеден тасқын судан қауіп төнері айтылып, қажетті техникаларды ұйымдастыру үшін аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевқа тапсырмалар жүктелді. Аудан басшысы Жәнібек Есенұлы елді мекендердегі жағдайды әр сәт сайын хабарлап отыруды және ауа райынан болатын келеңсіздікті алдын алу үшін нақты шараларды атқаруды тапсырды.
Қазіргі таңда су тасқынының алдын алу мақсатында ауыл әкімдіктері бірқатар іс-шаралар атқаруда. Сырдария өзеніндегі жағдайға келер болсақ, өзеннің арнасы қатқан мұздар әр жерден еріп, ағып жатқаны көрінуде. Жағаға шығып жатқан су жоқ. Қазіргі таңда Сырдария өзенінде жағдай тұрақты. Ал Келес өзеніне тоқталсақ, мұндағы суға толық мұз қатпаған. Су өз деңгейінде ағып жатыр.