МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қоғамның кез келген саласының дамуы сапалы кадрдан бөлек, материалдық-техникалық базаға да тікелей байланысты. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде аталған мәселені шешу мақсатында қыруар іс атқарылып келе жатқаны да бесенеден белгілі. Мәселен, өткен жылдың өзінде бір ғана Түркістан облысында ондаған нысан ел игілігіне берілді. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Түркістан облысында ауылдарды қажетті нысандармен қамту жұмысы қарқынды жалғасуда. Жуырда Созақ ауданы, Жартытөбе ауыл округіне қарасты Аққолтық елді мекенінде мәдениет үйінің жаңа ғимараты ашылды. Заманауи үлгідегі 75 орындық мәдениет үйі 329,5 шаршы метрді құрайды. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде де бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Енді міне, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа мәдени ошақтың ашылуымен құттықтады. «Баршаңызды төрімізге енгелі отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін Аққолтық елді мекені көптен күткен, ұрпаққа берер тағылымы мол мәдениет үйімен толықты. Мәдениеттің өсуі – халықтың өсуі, ұлттың өркендеуі. Сондықтан да мемлекетіміз мәдениет саласына аса мән беруде. Биыл Жартытөбе ауыл округі үшін табысты жыл болды. Көшелерді жарықтандыру, жолдарды асфальттау жұмыстары атқарылды. Келер жылға қалған көшелерді толығымен аяқтап, 100 пайызға жеткізу жоспарлануда» деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиында аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев, Аққолтық елді мекенінің қариясы Аймұрзаев Балтабек, мәдениет ардагері Еспаев Егізтай сынды ел ағалары да сөз сөйлеп, ілкімді іске ризашылықтарын білдірді. Кітапханасы бар Мәдениет үйі жаңа музыкалық құрал-жабдықтар және заманауи жиһаздармен қамтылған. Жиын соңы «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.