КӘРІЗ ҚҰБЫРЛАРЫ 90 ПАЙЫЗҒА ТОЗҒАН ҚАЛАЛАР БАР

Көкшетау, Екібастұз, Семей және Риддер қалаларындағы кәріз құбырының 90%-ы тозғаны белгілі болды. Осы орайда сенатор Ольга Булавкина Үкіметті экологиялық қауіпсіздік мәселесін шешуге шақырды.

Сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында ағынды суды тазартуға арналған құрылыстардың жай-күйі туралы мәселе көтерді. «Еліміздегі кәріздерді тазарту қондырғылары өткен ғасырдың 50-ші жылдарында салынып, пайдалануға берілген болатын. Олар содан бері жаңартылған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылындағы тазарту құрылысының жұмыс істемегеніне 10 жылдан асып кетті. Қазіргі кезде тазарту құрылысының орнында қирандысы ғана қалды. Аудан орталығының шайынды суы тікелей Күршім өзеніне, одан әрі ерекше мемлекеттік маңызы бар трансшекаралық Ертіс өзеніне құйылады» деді Ольга Булавкина.
Сенатор мұндай жағдай еліміздің шығысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша қалыптасып отырғанын атап өтті. Мысалы, Таразда кәріз тазарту қондырғысы мүлдем салынбаған. Сөйтіп, қоршаған орта зиянды шығарындымен ластанып жатыр. Бұл мәселе Сенат қабырғасында бұрын да көтерілген болатын. «Тазарту қондырғыларын салу, жаңғырту және реконструкциялау мәселелерін шешу мәселесіне тоқталсақ, кәріз тазарту нысандарын жобалау кезінде сарқынды суды тазартуға арналған жоғары технологиялық заманауи жабдықты пайдалануды ескере отырып, бірыңғай жүйелі тәсілді әзірлеудің маңызы зор» деді депутат.