ПИРОТЕХНИКАЛЫҚ ӨНІМДЕРДЕН ЖАРАҚАТ АЛСАҢЫЗ…
Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық өнімдерге деген сұраныс артады. Сәйкесінше, одан келер қауіп те күшеймек. Осы орайда, жарақат алған жағдайда не істеу керегі баршаға қызық екені белгілі. Ендеше қайтпек керек?
Бұл сауалға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс травматолог ортопеді, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі Қанат Тезекбаев жауап берді.
Спикердің сөзінше, пиротехникалық өнімдер – жаңа жылдық мерекелердің айнымас атрибуты. Кез келген пиротехникалық өнімнен өрт шығу немесе жарақат алу қаупі бар. Травматолог егер жазатайым оқиға орын алған болса, дәрігер келгенге дейін ең алдымен не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ ол пиротехникалық заттардың жарылуы нәтижесінде көздің шырышты қабатына бөгде бөлшектер түскенде не істеу керектігі жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. «Егер оқыс оқиға үйде орын алса, онда тез арада көздің шырышты қабатын бөлме температурасында көп мөлшерде қайнаған сумен шайып, таңғыш қою керек. Ал егер апат көшеде орын алса, онда қол орамалы, мойын орағыш сияқты заттардан көзге таңғыш қою жеткілікті. Ал егер бұл заттардың біреуі де болмаса, көзді бас киіммен немесе қолмен жабуға болады. Әрі қарай тез арада медициналық көмекке жүгіну керек» деп түсіндірді дәрігер.
Сонымен бірге ол теріге жарылыс бөлшектері түсіп, термиялық күйік шалғанда және тері зақымданған жарақаттар кезінде не істеу керектігін айтты. «Теріге жарылыс бөлшектерінің түсуімен термиялық күйік болған жағдайда теріні ағып тұрған сумен көп шаю және құрғақ асептикалық таңғышты қолдану ұсынылады. Егер апат көшеде орын алса, онда таза матаның бір бөлігінен таңғыш қойып қою керек. Теріні арақпен, одеколонмен сүртуге болмайды» деді ортопед-травматолог. Сондай-ақ спикер қан кетумен қатар жүретін ашық жаралар болса, қысымды таңғыш тағып, дереу жедел жәрдем шақыру керектігін еске салды.