ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТПЕН КӘСІП АШҚАНДАР ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢДАП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласында бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 1 195 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Олардың басым бөлігі жылқы, ешкі шаруашылығы, тігін цехы, бөдене өсіру, кондитер өнімдерін дайындау, сұлулық салонын ашу сияқты кәсіп түрлерін дамытуды қолға алған.

Бұл мүмкіндік еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, жастар, көпбалалы аналар, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасылар сынды санаттар бойынша берілген еді. Шымкент қаласының тұрғыны Жадыра Божаева — 6 баланың анасы. Ол бала күнінен қолөнерге қызығып, тігінмен айналысқан. Қазір көпбалалы ана мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ісмер ана өткен жылы мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, тігін машинасын сатып алған. Қазіргі уақытта құрақ көрпе мен қыз жасауына тапсырыс қабылдап, шағын кәсібін дөңгелетіп келеді.
«Екі апта онлайн курстан өттім. Кейін бизнес-жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Арнайы құрылған комиссия алдында жобамды сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Мемлекет берген қаражатқа тігін машинасын сатып алдым. Қазіргі кезде тапсырыспен құрақ көрпелерді тігумен айналысудамын. Ағайын-туыс, көршілерім маған жүгінеді. Болашақта өз орталығымды ашып, көпке пайдамды тигізсем» дейді Жадыра Божаева.
Айта кету керек, «Бастау бизнес» оқу курсын аяқтаған, сертификаты бар төмендегі санаттарға жататын жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады. Олар — атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және мүгедектер, жұмыссыз жастар.