ОЙЛЫ ОҚЫРМАНҒА АРНАУ
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
Міне, сындарлы да сынағы мол барыс жылы тарихтың терең қойнауына еніп барады. Бұл жыл еліміз үшін өте күрделі оқиғадан басталды. Мемлекетіміздің болашағы таразыға түскен қасіретті оқиға орын алды. Әлемдегі геосаяси жағдай күн сайын емес, сағат сайын құбылып, күрделі мәселелерге тап болдық. Қазақтың кең даласы өртке оранды. Қыстың қақаған аязында бүтін бір қала аяз бен суықтың құрсауында қалды. Әйтсе де елді есеңгіреткен жайттарды бірлік пен ынтымағымыздың арқасында еңсердік. Мемлекет басшысының батыл да жедел қабылдаған шешімдерінің арқасында тәуелсіздігіміздің тұғырын тіктеп, мәртебесін биіктете түстік. Сан түрлі мүдде тоғысқан мылтықсыз майданда азат еліміздің абыройына нұқсан келтірмей, кемел келешекке нық сеніммен қадам басып келеміз. Қоғам дамуда. Ел гүлденуде. Мұның артында қаншама еңбек жатқанын көзі қарақты, санасы сергек, танымы кең, түсінігі мол халқымыз анық біліп, айқын түсінеді.
Биыл танымдық әрі талдамалы материалдарымен оқырман қауымның сүйікті басылымына айналған «Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетінің құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде газетіміз көптің мәселесін шешуге барын салды. Әділетті де ашық қоғам құру жолына еңбек сіңірді. Уақыт көшінен бір сәтке болсын артта қалмай, жан-жақты дамуға басымдық берді. Бір ғана мысал, осы жылы газет жанынан Youtube каналымызды аштық. Онда жаңалықтар ұдайы жарияланып жатыр. Бұдан бөлек, еліміз бен өңірімізде болып жатқан оқиғалар мен мәселелер төңірегінде анық та айқын, сенімді де нақты ақпарат алу мақсатында сұхбаттар сериясын бастадық. Күні бүгінге дейін қала мен аудан әкімдерінен, мәслихат депутаттарынан сұхбаттар алып, көрермен қауымның назарына ұсынып келеміз. Алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек.
Басылымның болашағы оқырманға тікелей байланысты. Сондықтан газетіміздің дамуына қол ұшын беріп, басылымға жазылып, қолдау көрсетіп жатқан көпке айрықша алғысымды білдіремін. Келе жатқан қоян жылы ырыс пен берекеге толы болсын. Әр қазақтың шаңырағына шаттық ұяласын, іргесіне ырыс тұрақтасын. Еліміздің көші көрікті, келбеті сәнді, тіршілігі мәнді болсын. Көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз әуелей берсін. Ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, құрметті оқырман!
Құрметпен,
Талғат БАЛТАБАЕВ,
«Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси
газетінің бас редакторы,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты.