НЕКЕГЕ ТҰРҒАН ӘРБІР БЕСІНШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЖАСЫ 35-ТЕН АСҚАН

жас отбасылардың баспана мәселесін қалай шешеміз?

Жастар отбасылы болуға асықпайды. Соңғы уақытта бұл мәселе жиі көтеріліп келе жатыр. Түрлі сауалнамалар мен зерттеулер де жүргізіліп, жастардың отау құруды неліктен кейінге ысырып келе жатқаны да зерделенуде. Сарапшылар мұның бірнеше себебін алға тартады. Бірі жұмыс істеп, әлеуметтік ахуалын жақсартуды жөн көреді. Бірі білім алуды алға тартады. Ал енді бірі әуелі баспаналы болуға басымдық береді.

Жуырда Energyprom.kz аталған бағыттағы зерттеулердің нәтижесін жариялады. Тоқталар болсақ, әлемде де, елімізде де шаңырақ көтеріп жатқандардың біраз бөлігі жастар санатына жатпайды. Бұрындары дүниежүзінде де, Қазақстанда да «жас отбасы» деген түсінік көбіне жастарға айтылатын еді. Дегенмен уақыт өткен сайын жағдай өзгеріп келеді. Яғни елімізде батыс елдеріндегі үрдіс белең алып барады. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2011 жылы тұрмысқа шығып жатқан қыздардың ішінде 35 жастан асқандарының үлесі небәрі 8,6 пайызды құраса, бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы 10,5 пайызды, 2019 жылы 13 пайызды, ал 2021 жылы бірден 15,5 пайызды құраған. Бұл үрдіс ер азаматтарда да айқын байқалады. Нақтырағы, 2011 жылы некеге тұрушы ер азаматтардың ішінде 35 жастан асқандардың үлесі тек 13,7 пайыз болса, 2016 жылы 15,7 пайыз, 2019 жылы 18 пайыз, ал 2021 жылы бірден 20,3 пайыз шасмасында болған. Бұл дегеніңіз, шаңырақ көтеріп жатқан әрбір бесінші қазақстандық ер азамат 35 жастан асқан.
Осы тұста жоғарыда атап өткен себептердің біріне тоқталайық. Жас отбасының ең басты қажеттілігі – баспана. Сәйкесінше, жастарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жеткілікті. Ал 35 жастан асқан азаматтардың үйлі болуына қандай жеңілдіктер қарастырылған? Сөз жоқ, жастар санатына жатпайтындар үшін тұрғын үйге қол жеткізудің жолы қиындай түспек. Дегенмен жас отбасылар мемлекет тарапынан берілетін барша мүмкіндіктен құр алақан қалмайды. Нақтырағы, 35 жастан асып барып отбасы құрғандар Отбасы банкінен «Жас отбасы» бағдарламасына өтінім бере алады. Бағдарлама жақында шаңырақ көтерген барлық қазақстандықтарға арналған және оған қатысу үшін өтінім берушінің жасы нешеде екені маңызды емес. Ең бастысы жақында ғана үйленсе жеткілікті. Бұл бағдарлама жылына 6 пайызбен аралық несие алуға мүмкіндік береді. Бұл жинақтау мерзімі бір жыл ғана болатын нарықтық ұсыныстардан айтарлықтай төмен. Оның үстіне несие алғаннан кейін екі жыл өткен соң, тұрғын үй қарызына ауысқан кезде мөлшерлеме жылдық 5%-ға дейін төмендейді. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың жекелей депозит ашып, оларды «Отбасылық пакетке» біріктіріп, екі еселенген мемлекеттік сыйақы алуына да болады.
Аталған бағдарлама бойынша несиелендірудің мақсаты жас отбасыларда кездесетін мәселелердің кең ауқымын қамтитынын, негізгі және қосалқы тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге, оның ішінде үлестік келісім бойынша, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына, оның ішінде жер учаскесін сатып алуға несие береді. Қош делік, мұның өзі түрлі себеппен отбасылы болу мақсатын кейінге ысырып келген азаматтарға үлкен қолдау болары анық.
Уақыт өткен сайын ер азаматтар мен әйел адамдардың некеге тұруының орташа жасы өсіп келе жатқанын халықаралық ұйымдар айтып келеді. Елімізге ойыссақ, 2021 жылы бірінші некеге тұру үшін келетін ерлердің орташа жасы қазірдің өзінде 28 жасқа жеткен. Ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 25,2 жасты құрап отыр. Қазақ қоғамы үшін бұл сандардың маңызы айрықша. Тіпті, мұны үлкен мәселе ретінде қарайтын азаматтар да жетерлік. Әйткенмен әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, әлемдегі өмір сүру деңгейі ең жоғары Скандинавия елдерінде ерлер үшін бірінші некеге тұрудың орташа жасы, UNECE мәліметтері бойынша, 2019 жылы Финляндияда 34,2 жасты, Норвегияда 34,7 жасты және Швецияда 36,3 жасты құрады. Әйелдер үшін бірінші некеге тұрудың орташа жасы Финляндияда 32,1 жасты, Норвегияда 33 жасты және Швецияда 33,9 жас болып отыр.
Қорыта айтсақ, жастардың отбасылы болуға асықпауы қазақ қоғамы үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Қанша дегенмен, әлемдік үрдіске бейімделіп, батыс елдері салған соқпақпен жүріп бара жатқанымыз да жасырын емес. Өз кезегінде, елімізде жас отбасылардың мәселесін шешуге бағытталған бағдарламалар да бар. Әйткенмен оны баршаның бірдей білмесі айқын. Қош делік, қоғамның түйткілді мәселесіне айналған сүрбойдақтар мен кәрі қыздар тақырыбы әлі де өзінің өзектілігін жоймақ емес…

С.НҰРАЙ.