ҚАЗАҚТЫҢ АРДА АЗАМАТЫ, СӨЗ ЗЕРГЕРІ – НҰРМАХАН ТІЛЕГЕНОВ
«Жақсы адам қартайса, жазып қойған хатпен тең»
Халық даналығы
Қазақ – тағылымды, өрелі де өрнекті сөзге бай халық. Тағылымды сөзді кез келген адам емес, ердің ері, асылдың сынығы, тектінің тектісі айтса керек. Сол дана халқымыздан қалған: жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, – деген керемет тәмсіл бар.
Ғалымның хаты өлмейді деген – сөзі өлмейді, нақылы өлмейді, кейінгі буынға жалғанған көпірі бар деген мағынада қолданған. Алдыңғы толқынның негізгі мақсаты – кейінгі буынға өлмейтін, аталы сөз қалдыру, тәлім мен тағылым мектебін қалыптастыру болса керек-ті. Осындай көрегендігімен көпке үлгі болған, қара сөзден қаймақ қалқып, ақсақалдық дуалы аузымен ұрпаққа үлгі болған – Нұрмахан Тілегенов атамыз туралы азды-кем толғанып көруді жөн көрдік. Мақсатымыз: жақсының жақсылығын айтып, нұры тасыса деген ниет еді.
Нұрмахан атамыз 1942 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Ақсақалдың мамандығы – ғалым-зоотехник. Сондай-ақ, жоғары білікті ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы-экономист. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Атамыз зоотехник болса да, аталы сөзді қастерлеп, қасиет тұтып, біраз кітаптарды жарыққа шығарған қарымды қаламгер, көсемсөзші, сөз зергері, көптеген даналыққа толы афоризмдерді дүниеге әкеліп, өскелең буынға өнеге беріп жүрген рухани тәлімгер.
Нұрмахан ақсақал еңбек жолын ферма зоотехнигі болып бастап, 1981 жылдан аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, совхоз директоры қызметтерін атқарған.
1993-2005 жылдарда Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары болып, зейнетке шыққан.
«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және де басқа Мемлекеттік үш медальмен сондай-ақ, ҚР ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары кәсіподақтары Орталық комитетінің І дәрежелі «Еңбек даңқы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталған. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен де марапатталған. Ұлбосын апамыз екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан 15 немере, 3 жиен-немере, 2 шөбере көріп отырған текті әулет.
Нұрмахан атаның «Асыл адам айнымас», «Бітегенге уәжім бар», «Артық болмас білгенің», балалар үшін «Әдіптелген әліпби», «Әріптер сөйлесін» «177 жұмбақ» атты кітаптары жарық көрген. Кейінгі төрт-бес жылдың көлемінде, нақылдардан тұратын – «Өрнекті ой мен өрелі сөз», «Өрелі ойдың ұшқыны» кітаптарын баспадан шығарыпты.
Нұрмахан атамыз қоғамдық қызмет пен айналыса жүріп, ұрпақ тәрбиесін де ұмытпады. Қазақ әдебиеті мен шешендік өнеріне де зор ден қойып, көптеген мұраларды дүниеге әкелді. Қысқасы, әдебиет – ардың ісі дейтін ұстанымға әрқашан адалдық танытып келе жатқан қаламгер. Нұрмахан ақасақалдың азаматтық болмысы мен терең пайым-парасаты жайында Елубай Смайлов «Кәрі терек» атты кітабында былай жырлайды.
Тілегенұлы Нұрмақан,
Халықтың қамын ойлаған
Күндіз түні есептеп,
Тамшыдан теңіз жинаған
Әділет жолды бұрмаған,
Түсінген адам сыйлаған.
Нұры түскен жерлері,
Өніп-өсіп жайнаған.
Наразы ешкім болмаған,
Жақсылық сірә Алладан.
Қайыптан нәсіп келтіріп,
Әруақ жар боп қолдаған.
Рахым етіп сіз маған,
Шапағатыңыз жасаған.
Жалғастыр деп келіп тұр,
Жалбарынып сол адам.
Тозақтың оты кедейлік,
Құтылсақ содан жөнеліп.
Береке тауып бір сізден,
Пейіштің нұрын көрелік.
Не деген баға десеңізші. Осындайда дана қазақтың болар ел – бірін-бірі батыр дер, – деген сөзі ойға оралады екен. Жақсы адам қартайса, жазып қойған хатпен тең дегендей, Нұрмахан атамыздың бүгінде қолынан қаламы түспей, ұлағатты афоризмдерді жазумен айналысады. Тіпті бірнеше кітаптарды жарыққа шығарып, оқырманға ұсынып жүрген қаламгер. 80 жастан асса да, кейінгі буынның рухани тәлім-тәрбиесіне мән беріп жүру де екінің бірінің қолынан келе бермейтіні даусыз.
Ілгеріде бір ақылды, дана қария болыпты. Бір күні ақылды қарияға бір жас жігіт келіп:
– Ақсақал, мен қандай жігітпін? Сынаңызшы, – депті. Қарт жігітке:
– Жолдасыңды көрсет, сонан соң айтамын, – депті. Жігіт жолдасын қартқа жіберіпті. Қарт жігіттің жолдасымен ұзақ сөйлесіп, ақырында жігіттің өзін шақырыпты. Жігіт келген соң, қарт:
– Шырағым, сен өзі дариядай ақылы толысқан жігіт екенсің, – депті.
– Қалайша олай дейсіз? Мені бұрын көрген жоқсыз ғой? – депті жігіт. Қарт күліп:
– «Жігітті жолдасына қарап бағала» дейді халық, – депті. Мұны не үшін айтып отыр деп таңдануыңыз мүмкін. Өйткені, Нұрмахан атамыздың жолдасы мен сырласы – ақ қағазы мен қара сиясы. Тапқан олжасын соған төгеді. Қаламгердің қару – қалам десек, ақсақалдың да сүйенері де осы қуатты қалам. Ұлы Абай да қаламды серік етті, дос етті, сүйеніш етті. Сол Абай не деді: «ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, егер кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», деді. Абай қаламның құдіретіне арқа сүйеп отыр. Нұрмахан атамыз да осы жолды серік еткен абзал жандардың бірі. Олай болса оқырман назарына ақсақалдың «Өрнекті ой мен өрелі сөз» кітабындағы маржан сөздер тізбеген осы араға ұсынғанды жөн көрдік.
Дүниеде мәңгі жасайтын, өлмейтін, түрленіп, мәнденіп, жаңара түсетін сөз ғана.
***
Сөз – жоқты түгендей де алады,
Көргенсізді жүгеендей де алады.
Бүтіндеп, бүлдіре де алады,
Қыран топан күлдіре де алады.
***
Жаһандағы ең қауіпті у – сөз. Оның ішіндегі ең қауіптісі – көзіңше мақтау.
***
Әдебиет – мәдениеттің атасы.
***
Кітап – қаймақ, қалқып алар,
Білім – байлық, ойда қалар.
***
Ақылды қиындықтан шығудың жолын талмай іздейді,
Қарайып қалмау үшін шыңдала, білімнен қол үзбейді.
***
Ақылды ұрпақ – білім іздеп, шарқ ұрар,
Ақымақ – ынтасын сайрандауға бұрар,
Өмірдің қызығын, қыдырыс деп ұғар.
***
Тіл – ақылға құл болса, әрекетіңнің бәрі пұл болады.
***
Ақылды әр іске мән беріп, бағалар,
Ақылсыз жарамдының бәрін қаралар.
***
Ақылдыдан тек асыл сөз шығар,
Ақымақтың сөзінен «көз шығар».
Міне, құрметті оқырман! Нұрмахан атамыздың өрелі де, өрнекті ойлары осындай қазыналардан тұрады. Дана халқымыз: бір жылдығын ойлаған бидай егеді, мың жылдығын ойлаған ізгіліктің дәнін егеді, деп бекер айтпаса керек. Нұрмахан ата да осы ұстанымды алғы шартқа қойып, ізгіліктің дәнін егіп жүрген нағыз еңбекқор ақсақал. Осы ретте Мұзбалақ Мұқағали ақынның қазыналы қариялар туралы айтқан мына бір өлеңі ойға оралады екен:
Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?
Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.
Осылай деп қарттардан қалап келем,
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем… тоймаймын… сұранамын,
Себебі мен де бір күн жауап берем.
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл…
Елінің ертеңі мен болашақ ұрпақтың қамы үшін ақ қағаз бен қара сияны қасиет тұтқан, сөз зергері Нұрмахан атамыздың халыққа берері көп болсын! Ғұмыры ұзақ, жазары мол болсын!
Әзімхан ИСАБЕК,
гуманитарлық ғылымдарының
магистрі.