ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз брифингін берді.

Брифинг барысында басқарма басшысы бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық ахуал туралы айтып өтті. 2022 жылдың 11 айында қала экономикасына 490,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20%-ға ұлғайған. Жылдық жоспар 530,4 млрд теңгені құрайды. «Бүгінгі таңда қалада жалпы ауданы 886 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Жалпы, осы алаңдарда Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Орта Азия, Өзбекстан сияқты елдерден қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 340 млрд теңге сомасына 250 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 200 млрд теңге сомасына 180 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік аймақтардың толымдылығы 80-90% құрайды» деді басқарма басшысы Береке Дүйсебеков.
Осыған байланысты қалада 749 гектар алаңда тағы 4 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда, онда корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын, импорттық тауарларға ҚҚС төлеуден, кедендік баждардан босату сияқты жеңілдіктер көзделген. Кәсіпкерлер мен инвесторларға консультациялар, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істейді. Фронт-офис ашылғалы бизнес өкілдеріне 31 849 қызмет көрсетілді, оның ішінде 2022 жыл басынан – 11 655 қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар Шымкент қаласында 104 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Кәсіпкерлік саласында 189,4 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға өсті. Өндірілген өнім көлемі бойынша 737,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5% құрады. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 38,9 %-ды құрады.
Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2022 жылға 15,7 млрд теңге қаржы бөлініп, жыл басынан 14 млрд теңгеге 3 896 жобаға қолдау көрсетілген. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» (Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасы) шеңберінде жыл басынан 3 673 жобаға 11,7 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Одан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға 1,3 млрд теңге бөлініп, 1,3 млрд теңгеге 129 жобаға шағын несиелер берілді» деді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.
Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында республика бойынша алғаш рет «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өңірлік бағдарламаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктері шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру және тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру. Бүгінгі таңда 94 жобаға қолдау көрсетілді. Тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру бағыты бойынша, қаламызда бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорын «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғаш «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске асырылды. «SILKWAY ALLIANCE» ЖШС өндірістік алаңы толуына байланысты «Қайнар май» ЖШС кәсіпорынның аумағында жаңа өндірістік алаңын іске қостық. Аумағы — 2,38 га, өндірістік алаңның көлемі – 3 438,4 шаршы метрге шамамен 15 шағын кәсіпкерлерге өндірістік алаңдарымен қамтамасыз етілуі күтілуде. Сондай-ақ «Асыл Арман Казақстан» ЖШС аумағында жаңа өндірістік алаңы да іске қосылған. Оның аумағы – 1 га, өндірістік алаңның көлемі – 3 513,9 ш.м. шамамен 15 шағын кәсіпкерді өндірістік алаңмен қамтамасыз ету жоспарлануда.